Омбыда өткен форум шеңберінде екі мемлекет басшыларының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің алдында сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі табысты шекаралық әріптестік үшін халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп тиімді пайдалану маңызды рөл атқаратынын атап өтті.  

- Әсіресе, су көліктерінің қатынасына баса назар аудару қажет, - деді Болат Бақауов. – Өткен ғасырың 70-80 жылдарындағы жағдайды еске алсақ, ішкі су көліктері Ертіс өзені арқылы жылына тоғыз миллион тоннаға дейін жүк тасымалдайтын еді. Қазіргі кезде кемелердің көлемінің артуы мен өзен арнасының таяздығы салдарынан өзендегі жүк тасымалы дұрыс дамымай жатыр.

Аймақ басшысы Ертіс өзеніндегі жүк тасымалына Қазақстандағы Үрлітүп пен Ресейдегі Омбы арасындағы өзен арнасының тиісті деңгейде терең болмауы кедергі жасап отырғанын айтты. Осыған байланысты Болат Бақауов ресейлік әріптестерін аталмыш мәселені үкіметаралық деңгейде шешуді сұрады.

 - Өзеннің әлеуетін тиімді пайдаланудың жарқын мысалы ретінде Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстарына қажет болған салмағы 500 тоннадан астам дизель отынын сумен тазалайтын екі реакторды су жолы арқылы жеткізу болып табылады, - деді Павлодар облысының әкімі. – Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласынан шыққан жүк Солтүстік теңіз жолымен Каменный мүйісіне дейін одан әрі Жаңа Порттан Салехард, Ханты-Мансийск, Тобольск және Омбы арқылы жеткізілді. Осы көлік дәлізін қалпына келтіру аса маңызды деп санаймын. Бұл әсіресе, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыру аясында аса өзекті болып табылады. 

 Ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында Болат Бақауов өзен жолы арқылы Павлодардан Омбыға қиыршық тас жеткізуге болатынын атап өтті. Омбы облысының қиыршықтасқа деген қажеттілігі жылына екі миллион тоннаға жуықтайды.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, Омск, Қазақстан мен Ресей, экономика