Мекеменің жұмысымен облыс әкімі Болат Бақауов таныстырды.

Орталық қызметінің негізгі мақсаты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға кешенді әлеуметтік-медициналық және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету болып табылады.  Мүмкіндігі шектеулі балалар 1 айдан 1 жыл уақыт аралығында ем қабылдай алады.

- Мекеме 2005 жылдан бастап жұмыс жасайды, - дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Ернұр Қаленов. – Бастапқыда 62 бала болды, ал қазір 110 бала тегін ем алады. Олар үшін арнайы медбике және көмекшілер жұмыс істейді. Күніне алты мезгіл тамақтанады. Сонымен қатар бассейн, толығымен жабдықталған физиотерапия бөлмесі орналасқан. Орталықты кеңейтудің нәтижесінде жылына 300-ге дейін баланы ем-шарамен қамтуға мүмкіндік бар.

Облыста 2635 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның ішінде 489 баланың тірек-қимыл аппараты бұзылған. 2018 жылы 181 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Ағымдағы жылдың 10 айында 152 бала оңалтудан өткен.

Еске сала кетейік, тамыз айында көп балалы аналар облыс әкіміне тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту үшін қосымша корпус ашу туралы өтініш білдірген болатын. Өңір басшысы Болат Бақауов бұл мәселені қарастырып, оны балалардың ата-анасымен талқылауға уәде берген.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанында қосымша корпустың ашылуы нәтижесінде балаларымен өз бетінше айналысып жүрген мүгедек балалардың аналары оларды осында беріп, жұмысқа шығу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, 30 жаңа жұмыс орны ашылды.

Фото: Валерий Бугаев, Айгүл Жүсіпова

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар облысы, Бердібек Сапарбаев