Бердібек Сапарбаев пен ҚР еңбек жəне əлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірінші кезекте қаладағы «Ортопрот» оңалту орталығына ат басын бұрды. Мүгедек балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталық биыл ашылған болатын. 38 балаға шақталған орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға жартылай стационар түрінде қызмет көрсетеді.

Аталмыш орталықты пайдалануға беру арқылы 22 адам тұрақты жұмыс орындармен қамтылып, бюджетке түсіретін жүк 30%-ға кеміді. «Ортопрот» ЖШС директоры Айгүл Хамиева айтқандай, орталық тегін негізде қызмет көрсетеді.

 - Орталық ашылғаннан бері 51 балаға көмек көрсеттік, - деді Айгүл Хамиева. - Бізде емдік дене шынықтыру, уқалау, логопед-дефектолог жəне басқа да қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл Ақсу қаласындағы тұңғыш орталық.

 Айгүл Хамиеваның айтуынша, орталық көмегімен жыл басынан бері тірек-қимыл аппараты бұзылған 15 бала өздігімен жүре бастады.

Бердібек Сапарбаев орталық қызметіне оң бағасын беріп, осында тəрбиеленіп жатқан балаларға, оның ішінде Абылай Жаңбырбайға тез арада сауығып кетуге тілек білдірді.

 Әрі қарай вице-премьер Ақсу қаласының маңында орналасқан Евгеньевка ауылына барды. Бердібек Сапарбаев мұнда орналасқан дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. 2017 жылы тұрғызылған медициналық мекеме бүгінде Евгеньевка мен Үштерек ауылдарының тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуде. Екі ауыл халқының саны шамамен 6 мың адам. Амбулаторияның жалпы аумағы - 373 шаршы метр.

 Сапар соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Евгеньевка ауылының тұрғындарымен кездесті. Жергілікті мәдениет үйінде өткен жүздесуге ауыл педагогтары, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қауымдастық салаларының өкілдері қатысты.

 Үкімет Басшысының орынбасары Евгеньевка ауылының тұрғындарын медицина жəне білім беру салаларындағы реформалармен таныстырды. Бердібек Сапарбаев айтқандай, əзірленіп жатқан «Мұғалімдер мəртебесі туралы» заңға сəйкес, ұстаздардың жалақылары алдағы төрт жылда 2,5 есеге өседі.

 Осыған орай Ақсу балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Андрей Горохов аталған заңда балалар жаттықтырушылары мен мұғалімдер мəртебесін теңестіруді өтінді. Вице-премьер бұл ұсынысты құп қабылдап, жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уəде берді.

 Сонымен бірге, кездесу барысында Біржан Нұрымбетов ауыл тұрғындарын атаулы əлеуметтік көмек пен өзге де əлеуметтік төлемақыларды тағайындаудағы өзгерістермен таныстырып өтті.

 Айта кетейік, 2019 жылы Ақсуда жалпы сомасы 381 миллиард теңгеге өнеркәсіптік өндіріс өнімі шығарылды. Биыл ақсулықтардың орташа жалақысы 173896 теңгені құрады.

Айбек Жұматов
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, Бердібек Сапарбаев, жұртшылық, кездесу