Қыстың қақаған аязы қарсаңында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласының бірнеше көмір сататын орнын аралап көрді. Сатушылар бүгінде қатты отынға кезек екенін айтты. Сондай-ақ көмірді былтырғымен салыстырғанда арзанырақ сатып алуға болады.

- Қазіргі уақытта біздің кәсіпорынның қоймасында ең көп тұтынылатын майкөбенің 1873 тоннасы сақтаулы, - деді «Авест-Павлодар» ЖШС менеджері Олег Сайко. - Оның бір тоннасы 10 мың теңге. Өткен жылмен салыстырғанда 500 теңгеге арзан. «Богатырь» кенішінің екібастұздық көмірінің құны тоннасына 7 мың теңгені құрайды. Біз жеткізушілердің бағасына тікелей тәуелдіміз. Біз кем дегенде жыл соңына дейін көмір құны өзгеріссіз қалады деп есептейміз.

Павлодар облысы тұрғындарының жыл сайынғы көмірге сұранысы шамамен 430 мың тоннаны құрайды. Осы көлемнің жартысынан көбі дайын. Павлодарда көмір сататын төрт орын жұмыс істейді. Екібастұз, Ақсу қалаларында және аудан орталықтарында бір-бір орыннан бар.

- Біз көмір бағасын үнемі қадағалап, мемлекеттік кірістер департаментінің, монополияға қарсы инспекцияның, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірлескен рейдтер өткіземіз, - деді облыс басшысының бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек. – Оған қоса, рұқсатсыз көмір саудасының болмауын бақылаймыз. Бүгінгі таңда көмір бағасының өсуіне ешқандай себеп жоқ. Сондықтан біз Павлодар облысының тұрғындарын суық түспей тұрып отынды дайындап алуға кеңес береміз.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, көмір