- Облыс орталығындағы жағалауда Ертіс өзені көрініп тұратындай жер телімін қарастырып, кем дегенде төрт жұлдызды қонақүйдің құрылысы үшін барлық коммуникацияны тарту керек, - деді Болат Бақауов. - Содан кейін инвесторларды іздеген дұрыс. Біз инвесторлар мен компанияларды шақырамыз, алайда жер учаскесі дайын болмайды. Тіпті, жобаны жасап, жер теліміне барлық коммуникацияларды тартқаннан кейін көріктендіру жағын да өзіміз аламыз. Қонақ үйге жұмсалған шығын 15-20 жылдың ішінде өтеледі.

Бұл ретте, қала әкімі Қайрат Нүкенов  «Халық банкі» болған екі тұрақ 350 млн теңгеге  саудаға қойылғанын, сондай-ақ қасында қоршалған жер үшін ғана 200 млн  теңге сұрап отырса, банкте кепілдікте тұрған  үлкен тұрақтың бағасы анықталуы тиіс екенін жеткізді.   

- Туристер үшін көрсетуге болатын Еrtis Рromenade сахнасын, мәдени ескерткіштерді атап өтуге болады, - деді шаһар басшысы. - Қалада көңіл көтеретін 40 орын орналасқан. Оның ішінде қызмет көрсететін қонақүйлер мен мейрамханалар бар. «Золотые пески» жағалауында екі кәсіпкер бизнесті дамытпақ. Әзірге келіссөз деңгейінде сақталуда. Туризмді дамыту мақсатында келесі жылы қаржы қарастырып, № 1 автобус паркінен қаланың көрікті орындарын көрсету бойынша маршрут ашу жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ облыс әкімі қаладағы қонақүй бизнесінің сапасы ақсап тұрғанын атап өтті.

- Сондықтан он күннің ішінде сәулетшімен бірге осы мәселені шешуді тапсырамын, - деді ол. - Туризм - Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қойған басты бағыттардың бірі. Біріншіден, қаншама жұмыс орны ашылады, екіншіден, туризм мен спорт - салауатты өмір салтын білдіретін қос ұғым. Шаралар өткізетін орын жоқ. Асханалар әлсіз. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Медициналық туризмді алатын болсақ, Мойылды шипажайына қаншама адам келеді. Қажет болғанда орын болмай қалады. Ол жерді кеңейту жолын қарастыру керек. Сондай-ақ, «Золотые пески» жағажайына жол салсақ, барлығы сол жаққа баратын еді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, қонақүй, бизнес