Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов мәлім етті.

- Тұңғыш Президент күнін атап өту аясында 29 қараша күні концертте «МузАРТ» тобының «Ертіс-Баян» атты гимні-музыкалық клипінің тұсаукесері өтеді, - дейді Ернұр Дәуенов. - Облыс музейлерімен «Елбасының бес қыры» атты жоба іске асырылады. Павлодар қаласындағы бес музейде Елбасының шығармашылығы туралы көрмелер ұйымдастырылады. Мәселен, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде - балалық шағы, Бұқар жырау музейінде - жастық шағы мен студенттік жылдары, облыстық көркемсурет музейінде - ел басқару жылдары мен «Елбасы - Ертіс-Баян өңірінде» атты фотокөрме, П. Васильев музейінде – «В потоке истории» атты Елбасының жазған еңбектері мен Тұңғыш Президент туралы жазылған кітаптар және Шафер музей-үйінде «Елбасының сүйікті әндері» атты шаралар өтеді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Мәдениет синергиясы» атты жаңа мега жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жоба музыка саласының негізі бағыттары бойынша әртүрлі 7 концепцияны ұсынады.

25 қарашада «Колос» мәдени-сауық орталығында - эстрадалық әуендер, 26 қарашада Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында - джаз оркестрі, 27 қарашада «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығында - дәстүрлі әуендер, 28 қарашада Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында - фильмдер фестивалі, 30 қараша - 1 желтоқсан аралығында театрлар қойылымы, 1 желтоқсанда «Шаңырақ» орталығында мерекелік концерт өтеді.

 Эстарда әртістері халықарлық байқаулардың лауреаты Маржан Арапбаева мен Халықаралық байқуалардың лауреаты, «Славянский базар» байқауының бірінші орын иегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері «Әміре» деген лақап атпен белгілі Ернар Садырбаевты шақыру ұсынылады.

Тәуелсіздік күні 13 желтоқсан күні сағат 15.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді. «Бабалар аманаты – тәуелсіздік» тақырбында салтанатты концертпен қоса, мемлекеттік наградалар табысталады және марапаттау рәсімі өтеді. Жүргізушілер ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Айгүл Иманбаева мен танымал тележүргізуші Алмас Әшім шақырылды. Сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, «Алашұлы» тобы, жас әншілер кастингінің жеңімпазы Саят Баянды шақыру ұсынылады.

Облыс әкімі Болат Бақауов 1 желтоқсанға дейін «Ауыл - ел бесігі» бойынша өңірде атқарылған жұмыстардың нәтижесін көрсететін ролик дайындауды тапсырды.

- Алдағы жоспарлар мен атқарылған жұмысты тұрғындарға көрсету керек. Сондай-ақ мереке күндері халықтың уақытты тиімді өткізуі үшін кинотеатрларда Елбасы туралы фильмдер көрсеткен дұрыс, - деді аймақ басшысы.

Еске сала кетейік, «Ертіс-Баян» деп аталатын клип Ертіс өзені мен жаңа көпір сияқты өңірдің көрікті жерлерін қамтыған. Биылғы жазғы маусымда Ertis Promenade ашық сахнасына «МузАРТ»-тың өнерін тамашалауға келген көрермендердің саны өткен барлық концерттердің рекордын жаңартқан.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, мәдениет