Нұр-Сұлтан қаласының Бейбітшілік және келісім сарайында өткен марапаттау рәсімінде павлодарлық «Арман» жағажай футбол клубының мүшелерінің жетістіктері ерекше бағаға ие болды.

Айталық, биыл 11-рет ел чемпионы атанған «Арман» ЖФК бас бапкері Болат Әленов – «Үздік жаттықтырушы», 2019 жылы 17 гол соққан Баянбек Мұралинов – «Үздік сұрмерген» және команда қақпашысы Виктор Чорный – «Үздік қақпашы» атақтарын иеленді.

- ҚФФ ұйымдастырған кеш өте керемет өтті, - дейді Болат Әленов. – Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған жанкүйерлер мен футболшылар құттықтап, біздің еңбегімізді ерекше бағалады. Сол себепті, мұндай салтанатты кеште марапатқа ие болу - үлкен құрмет. Футбол федерациясына алғыс білдіреміз.

Жағажай футболына қолдау көрсететін облыс әкімі Болат Бақауов пен облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевке алғысын білдірген «Арман» ЖФК бас бапкері маусым бойы жақсы нәтижелер көрсеткен ойыншылардың ойынына ризашылығын білдірді.

- Маусым нәтижелеріне ризамын, - дейді Болат Әленов. – Жігіттер ішкі және сыртқы аренада облыс және ел намысын ойдағыдай қорғап шықты. Әсіресе, құрама сапында ойнағандар Қазақстан рейтингісін едәуір көтерді. Өкінішке орай, аса маңызды ойыншыларымыз – Станислав Макагон мен Виталий Тюльпаның жоқтығы сезілді. Дегенмен, келер маусымда одан да биік нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз.

Болат Әленовтің айтуынша, қазіргі кезде футболшылар демалысқа шықты. Команда желтоқсан айында жаттығуларды бастайды.

- Келер жылы мамырда Португалияда өтетін Еуропа чемпиондары кубогына қатысқымыз келеді, - дейді Болат Әленов. – Команда құрамын жастармен толықтыру жоспарлануда. Ол үшін М. Цыцугин атындағы турнирде бірнеше ойыншыларды байқап, желтоқсандағы жиында сынап көреміз.

Айбек Жұматов

Фото: kff.kz және Болат Әленовтен алынды

pavlodarnews.kz

Тэги: жағажай футболы, «Арман», Болат Әленов, спорт