Орталық кеңестің VII съезінің шешімдеріне сай облыстық кеңестің пленумдары мен президиум отырыстарында қаралған барлық мәселелер облыс зейнеткерлерінің, соғыс және тыл ардагерлерінің қоғамдағы әлеуметтік құқықтарының сақталуы мен зейнеткерлерді қоғамдық жұмысқа жұмылдыруға және болашақ ұрпақты тәрбиелеу және мәдени-көпшілік жұмыстарды өркендетуге бағытталған.

Өңір басшысы Болат Бақауов облысымыздың әлеуметтік экономикасын дамытуға барынша көңіл бөліп, түрлі салада еңбектенген аға буын өкілдерімен әрдайым кездесіп отыруды әдетке айналдырған. Жайдарлы кездесу мен тағылымды кештер биылғы жылда облыс басшысы ардагерлерге сыйға тартқан ардагерлер үйінде өтеді. Бұл ғимарат қазіргі күнде аға буын өкілдерінің қоғамдық игілікті іс шараларын өткізуде таптырмайтын орын болып отыр. Қандай да бір игі істі бастамас бұрын облыс басшысы үлкен ағаларының ақыл-кеңесіне жүгініп, әр салада қызмет істеген ел ағаларының ақылына құлақ асады.

Осы жылдың басында соғыс ардагерлеріміздің саны 72 болатын. Бүгінгі күнде аралары сиреп бара жатқаны өкінішті, әрине. Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында облыс әкімімен бір кездесуімде: «Барлық өңірлер ардагелеріне сыйақы жасауда. Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, және Шығыс Қазақстан облыстары әр ардагерге 500 мың теңге қарастырды. Өзге аймақтар 150-300 мың теңге аралығында бірреттік төлем жасамақ. Саны күн санап сиреп бара жатқан ардагерлерімізге басқалардан қалыспай 500 000 бірретік сыйақы берсек қалай болады?» деген ұсынысымды екі-ақ, күннің ішінде шешіп, мереке қарсаңында әрқайсысына жарты миллион ақша бөліп, аймақтағы көзі тірі Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары мен аудандарда тұратын 72 соғыс ардагерінің барлығының үйіне арнайы барып, олардың хал-жағдайларын сұрап, перзенттік парызын орындады.

Өткен айдың соңғы күндеріне ғана облыс ардагерлерімен өткен тағы бір үлкен алқалы жиында Болат Бақауов Ұлы Отан со¬ғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу жағ¬дайына жан-жақты тоқталған еді. Бүгінде Павлодар облысы бойынша 67 ғана майдангер қалды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне берілетін сыйақыны былтырғыдан да көбейту мәселесі айтылып, тыл ардагерлеріне де бір ретік көмек беруді қарастырамыз деген-ді.

Қалалық, аудандық кеңестерге көмек ретінде соңғы жылдары екі рет компьютердің толық комплектісін, караоке, баян музыка аспабын сыйға тартты. Он шақты бөлмеден тұратын ардагерлер үйінде белсенді қоғам белсенділерінің демалуына, әртүрлі шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Көпшілік қала, аудан кеңестерінде бастауыш ұйымдарда зейнеткерлердің демалуына қажетті шахмат ойнайтын бөлмелер жұмыс істеуде. Кейбір аудандарда биллиард ойнайтын үстелдер қойылған.

2019 жылдың сәуір-маусым айларында ардагерлердің облыстық спратакиадасы өткізілді. Спартакиада алдымен қала, аудандарда өткізіліп, жеңімпаздары облыстық спартакиадаға қатысты. Спорттың төрт түрі бойынша өткен (шахмат, суда жүзу (50 метр), жүгіру (25 метрге эстафета) және баскетбол корзинасына доп лақтыру. Сайысқа 65 пен 85-ке дейінгі ардагерлер қатысты. Бұл спорттық шараны қолдап, ардагер спортшылардың ерік-жігерлеріне моральдік тұрғыда екпін беріп, қолдан келген көмегін аямады. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов қорытындысын шығарып, жүлдегерлерге табыс тілеп, сыйлық таратты (теледидар, қысқа толқынды пештер, басқада тұрмысқа қажетті заттар).

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында облыстық кеңесте осыдан 2 жыл бұрын құрамында 30 адамнан тұратын насихатшылар тобы құрылды. Топ басшысы орталық кеңес мүшесі, Павлодар қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев болып, осы топтың ұйытқы болуымен өткен жылы өлкеміздегі Мәшһүр Жүсіп кесенесінің, Ишан Хазірет кесенесінің Май ауданындағы «Қалмақ қырылған» қорғанын, Шарбақты ауданындағы Ғабдыл Уахит кесенесінің жағдайы қарастырылды. Нәтижесінде Май ауданында «Ақбалық Хазірет» кесенесі бой көтерді. Бұған да облыс басшылығы үлкен қолдау жасағанына ақсақалдар дән риза.

Республикалық орталық кеңес ұйымының ұйытқы болуымен Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Батаменен ел көгерер» сайысына да облыс әкімшілігі қамқорлық танытты. Сайысқа қатысқан жерлесіміз Балтабай Сыздықов Атырау қаласына жолдама алып, бас жүлдеге 1 миллион теңгені жеңіп алды.

Өңіріміздің «Ардагерлер үйі» орталығында жылына 2000-ға жуық зейнеткер демалады. «Черноярская жемчужина» санаторийі жылына 1500 зейнеткерді қабылдайды. Жолдамалар ардагерлер кеңестері арқылы бөлінеді.

Түрлі қайырымдылық акциялар, мерекелік дастархандар жайылып, сый-сияпатты құрмет көрсететін кештері биыл да өтті. Облыс бойынша өткен 998 қоғамдық-мәдени іс-шараға 69699 зейнеткер тартылып, 79115 зейнеткерге 264 млн 572 мың теңгенің көмегі көрсетілді.

Болат Жұмабекұлының Павлодар облысына әкім болған 3-4 жылдың шамасында көргеніміз - халқына адал еңбек етіп келе жатқандығы. Әлеуметтік салада «Нұрлы жол», «Нұрлы көш» бағдарламалары аясында өңірлерде балабақшалар ашылып, медицина, білім, кәсіптік сала болса да алға дамуда.

Индустрияландыру картасы аясында жаңадан 9 өндіріс орны пайдалануға берілді. Шағын және орта бизнесті дамытып, несиелендіру, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының аясында ашылып, мемлекет тарапынан қолдау тауып жатқан шағын кәсіпорындар, мал және егін шаруашылығын дамытып, асылдандыруға мал шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға «Сыбаға», «Алтын Асық» және «Құлан» несие бағдарламалары асыл тұқымды, сиыр, қой және жылқы түрлерін өсіруге субсидиялар бөліп агроөнеркәсіп кешенінде ілгерілетуде.

Аймағымызда туризмді дамытуға көп тер төгілуде. Маралды тұзды көлі жазғы демалыс орнына айналуда. Сонымен қатар Баянауыл ауданында туризм кластері дамып келеді. Әуежай ашылып, Мырзашоқы шатқалында аспалы жол тартылды. Аймақта жолдар жөнделіп, МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі жанынан мәдени-қонақ үйі кешені ашылды.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және шет елдегі қандастардың Отанға оралуына 25 жыл толуына байланысты «Ұлы дала елі» этнофестивалі Ертіс бойында 2017 жылы бастау алып, екі жыл қатарынан халықаралық деңгейде тойланды. Оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Моңғолия елдерінен арнайы делегаттар келді.

Парасаты мен ақыл-ойы бойында ерекше дарып, қазақтың нағыз намысты, білімді азаматы Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының төрағасы Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде: «Киелі Ертіс өңірінде жердің түкпір-түкпірінен жиналып бас қосқан - ұлыстың ұлы күні. Осы 67 жасыма келгенде той мен қазақтық тек оңтүстікте шығар деп ойлайтынмын. Қателесіппін. «Нағыз қазақ - Ертіс жерінде екен» деп, көпшілік жұрттың рухын бір көтеріп, бұл шараға үлкен баға берген еді.

Жалпы, ардагерлергі құрметтеп, марапаттауда облыс әкімінің қолдауы өте зор.

Аға буын өкілдерін, қазыналы қарттарымызды құрметтеуді ұрпақ парызы деп түсінген болар. Біздің аймақ басшы, үлкеннің батасын алып, ел ағаларының алғысын арқалап жүр. Ендеше, алдағы халқы мен егеменді елі алдындағы атқарылар жұмысына толағай табыстар тілейік.

Рымтай Шөкеев,
Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Павлодар облысының Құрметті азаматы

 

pavlodarnews.kz

Тэги: