Бұл туралы КТК арнасы хабарлады деп BAQ.KZ тілшісі жазады.

Өйткені сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың көбі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық талабына сай емес. 2020 жылы күшіне енетін ереже бойынша ағарғанның сапасы мен құрамы жіті тексеріледі. Ал отандық кәсіпорындар әлі күнге дейін сүтті ауылдардағы кішігірім шаруа қожалықтарынан алып жүр. Мұндай шикізат сол техникалық талапқа мүлдем сай емес.

Елімізде сүт өнімдерін шығаратын 150-ге жуық зауыт бар. Келесі жылдан бастап Кеден одағының техникалық талабы күшіне енсе, қыз-қыз қайнаған кәсіпорындардың жұмысы тұралауы мүмкін. Бұл өз кезегінде сүттің жетіспеушілігіне әкеп соғады.

Жаңа талап бойынша сүт өнімдерінің құрамы мен сапасы жіті тексерілмек. Мамандар азғантай мүйізді қарамен күн көретіндердің ағарғаны техникалық талаптарға сай келуі неғайбыл деп отыр. Өйткені олар санитарлық-гигиеналық ережені елемейді.

Енді техникалық талапқа сай келмейтін шикі сүтті қабылдауға болмайды. Себебі, оның ішінде антибиотик және басқа да рұқсат етілмеген заттар болса ол сүтті пайдалануға болмайды. Енді зауыттар көлемін азайтады. Қазірдің өзінде сүттің жетіспеушіліге бар. 1ші қаңтардан бастап одан да қиын болады, - дейді Қазақстан сүт одағы Оңтүстік аймағының өкілі Дінмұхаммед Айсауытов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден маман шақыртып, шаруаларға тегін семинар өткізуді енді бастапты. Зеңгі баба тұқымын өсірудің қыр-сырын білетін Нұрсақыш Жұмаділқызы бұл жерде амалсыздан жүр. Өйткені жаңа талаптарды білмесе, табыстан қағылады.

Біз он жылдан бері осы шаруашылықпен шұғылданып келеміз. Ертең Кеден одағының ережесі күшіне енсе, емін-еркін зауыттарға өткізу қиын болады. Шикі сүтті өткізе алмай шығынға батамыз. Сол үшін оқып, үйреніп жатырмыз, - дейді шаруа қожалығының иесі Нұрсақыш Жұмаділқызы.

Сүт одағының өкілдері отандық зауыттар шикізатқа зәру болса, нарықты көрші елдердің өнімдері жаулайды деп қауіптенеді. Оған қоса сүт өнімдерінің бағасы шарықтап шыға келуі де ғажап емес. Сондықтан жауапты министрлік кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетсе дейді.

pavlodarnews.kz

Тэги: