Партияның облыстық филиалында ұйымдастырылған пікірталас 13-14 қараша күндері өткізілуде. Мұндағы мақсат - «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне енуге ынталы үміткерлердің партия мүшелерін сайлауалды бағдарламаларымен және қаланың өзекті мәселелеріне деген көзқарасымен таныстыру.

Партиялық кадрлық резервке іріктеу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі Гүлсина Шиндлярская екі күнге созылатын пікірталасқа 25 адам қатысатынын айтты.

- Бүгінгі пікірталасқа 15 адам түссе, қалғандары ертең қатысады, - дейді Гүлсина Шиндлярская. – Пікірталас үміткерлердің өз бағдарламаларын таныстыру, қаланың өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары және «сұрақ-жауап» секілді үш турдан тұрады. Барлығын қосқанда дебаттар 1,5 сағатқа созылмақ.

Гүлсина Шиндлярская атап өткендей, іріктеу кезеңі 28 қазанда, ал үгіт-насихат жұмысына кандидаттар 5 қарашада кірісті. Бүгінде партияның бастауыш ұйымдары мен өзге де алаңдардағы кездесулерге облыстың 10 мыңдай халқы қатысқан. Ешқандай ереже бұзушылық анықталған жоқ.

Пікірталастың өзіне келсек, дебаттарды №24 мектеп мұғалімі Наталья Виндерголер, кәсіпкер Асылбек Туғанбай, С. Торайғыров атындағы ПМУ оқытушысы Ирина Чидунчи, кәсіпкер Бауыржан Бекмұрзаев пен №24 мектептің мұғалімі Рамиль Смайылов бастады.

Өз сайлауалды бағдарламаларын ұсынған үміткерлер залға жиылған партия мүшелері алдында Павлодар халқы үшін өзекті мәселелерді атап, оларды шешудегі өз көзқарастарымен таныстырды.

Бірінші сөз сөйлеген Рамиль Смайылов шаһарымыздағы онкологиялық аурулардың өршіп тұрғанын атап, мәселені шешу үшін ерте скринингті енгізуді ұсынды. Бауыржан Бекмұрзаев болса, қала аулаларының автокөліктерге толып кеткенін айтты. Оның айтуынша, арнайы автотұрақтар ашу бұл мәселені шешуге көмектеседі.

Өз кезегінде, Ирина Чидунчи экологияны жақсартудың бірден-бір жолы ретінде ластану деңгейін нақты анықтау қажеттілігін атады. Ол үшін жас ғалым арнайы мобильдік қосымша әзірлеуге уәде берді. Асылбек Туғанбай тұрғын үй құрылысындағы сапалы материалдарды пайдалану және аулаларда балалар алаңдарын жасауды ұсынды. Наталья Виндерголер Екінші Павлодардағы балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін өнер үйін ашу керектігіне назар аударды.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 16-17 қарашасында «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне үміткерлер сайлауы өтеді. Оған қаламыздың 18 мың партия мүшесі қатысады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: «Nur Otan», Нұр Отан, партия, саясат, пікірталас, дебаттар