Павлодар облысының өндірістік аймақ және облыста онкологиялық ауруларға шалдыққандардың үлес салмағы жоғары екендігін мойындаған өңір басшысы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған іс-шараларды санамалап өтті.

- Облыстағы өндіріс орындары экология саласына жыл сайын 14 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсайды, - дейді Болат Бақауов. – Ол ақша CO2 және өзге де зиянды заттардың ауаға таралуына бөгет жасайтын фильтрлер мен басқа да құрылғыларды сатып алуға жұмсалады. Сонымен бірге, бізде ең ірі өндіріс орындарының бірінші басшылары тұрақты түрде атқарылған және болашақта жүзеге асырылатын экологиялық іс-шаралар туралы есеп береді.

Болат Бақауовтың айтуынша, одан бөлек, Павлодар тұрғындары ең тығыз шоғырланған жерлерде ауа құрамындағы зиянды заттарды анықтайтын экологиялық бекеттер ашылған. Олар тәулік бойы қала ішінде орналасқан LED-экрандарға ауа сапасы туралы ақпарат береді. Демек, кез келген қала тұрғыны ауа сапасын тікелей эфирде бақылай алады.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, облыс басшылығы әзірленіп жатқан Экологиялық кодекске өз ұсыныстарын жолдаған. Бүгінде бес ұсыныстың үшеуі мақұлданды.

- Одан бөлек, өткен жылды Экология жылы деп жариялап зор көлемдегі жұмыс атқардық, - дейді Болат Бақауов. – Айталық, біз жұмысымызды балалар бақшасынан, яғни сәбилерге қоршаған ортаны қорғау керектігін түсіндіре бастадық. Мысалы, өскелең ұрпақ және жалпы тұрғындарымыз қоқысты сұрыптау, батареяларды арнайы жәшікке тастау секілді қоршаған ортаның тазалығына назар аудара бастады. Осы мақсатта қаламызда қоқысты сұрыптайтын жәшіктер көптеп орнатылды.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: экология, қоршаған орта, жер қойнауын пайдалану, көгалдандыру, Болат Бақауов