Әлем чемпионатына 19 елден 565 спортшы қатысқан. Грэпплингтен Павлодар облысы бойынша федерациясының президенті және бас жаттықтырушы Заирбек Абылқадыров спортшылардың қалалық, облыстық, республикалық іріктеуден өткендігін атап өтті.

- Сайыс алдында спортшыларымыз Баянауылда оқу-жаттығу жиындарын өткізді, - деді Заирбек Абылқадыров. – Бразилиялық бапкер үміткерлерімізге өз ақыл-кеңесін берді. Іріктеуден өткен 10 спортшымыздың тек бесеуі ғана әлем чемпионатына қатысты. Өйткені федерациямыз қаржылай көмек алмайды. 3 спортшы бұндай деңгейдегі жарысқа алғаш қатысты. Сондай-ақ 5 спортшының үшеуі ардагерлер арасында, екеуі жастар арасында сынға түсті.

Ардагерлер арасында 35 жастан асқан спортшылар бақ сынады. 71 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан павлодарлық Жанат Тайбупенов қола медаль еншіледі.

- Бұл - менің қатысқан жарыстарымның ең ірісі, - деді Жанат Тайбупенов. – Осы спортпен бір жылдан бері айналысып келемін. Бұл сында алтынға қол жеткізуіме де болушы еді. Ұйымдастырушылар тарапынан қателік болған сияқты. Мен алғашқы кездесуде жеңіске жетіп, жартылай финалдық кездесу біраз уақыт өткеннен кейін болады деп ойлағанмын. Алайда, ол аз ғана уақыттан кейін болып, мен бозкілемге кешігіп келдім. Төрешілер мені алаңға шығармай, кешіккенім үшін жеңіліс тапты деп санады. Осылай мүмкіндікті жіберіп алдым. Дегенмен, алда жақсы нәтижелерге жетемін деген сенімдемін.

Ал, 16-17 жастағылар арасында +65 келі салмақта сынға түскен Малика Жакупова күміс медаль иегері атанды. Ол жартылай финалда украиналықты жеңіп, ақтық сында ресейлік тәжірибелі спортшыға есе жіберген. Бұл спорт түрімен екі жылдан бері шұғылданып, екі мәрте Азия және Қазақстан чемпионы атанған. 2019 жылдың сәуір айында БАӘ-нің Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен Әлем чемпионатында күміс медаль олжалаған.

Қазіргі уақытта жергілікті грэпплингшілер Павлодарда ресейлік, бразилиялық және еліміздің түрлі өңірлерінен келетін спортшылардың қатысуымен өтетін жарысқа дайындалуда.

Заирбек Абылқадыровтың айтуынша, бүгінде облыста грэпплингпен 2 мыңнан астам адам айналысады.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева және ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, грэпплинг, спорт