Айтулы датамен мәдениет ордасының ұжымы мен өңір тұрғындарын облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов құттықтап, аймақ басшысының атынан 1 млн теңгеге сертификат табыс етті.

- Бұл - шынымен де тарихи тұрғыдан маңызы зор, өте беделді музейлердің бірі, - деп атап өтті Асхат Оралов. – Себебі бұл музей қордағы экспонаттар мен туындылардың маңыздылығы бойынша  Алматы  қаласындағы Қастеев галереясынан кейін елімізде екінші орын алады. 61 мың экспонаттың ішінде  41-і – Әбілхан Қастеевтің жұмыстары және осында түпнұсқасында сақталған. Әрбір туынды өз көрерменін табу үшін көшпелі көрмелер мен экспозициялар өткізуге дайынбыз. Мұнда отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер бар.  Қорды көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан белсенді жастарды, қала тұрғындары мен қонақтарын облыстық музейге келіп, жоғары деңгейдегі өнер және мәдениетпен танысуға шақырамын.

Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өсербай Шоранов  мерейтойға орай өңірдің суретшілері өздерінің бір-бір суреттерін сыйға тартқанын айтады.

-  Павлодар облыстық көркемсурет музейі - облыстардың арасында ашылған алғашқы музей, - дейді Өсербай Шоранов. -  Суретшілер музеймен өте тығыз жұмыс істейді.  22  суретшінің қатарына төрт жас суретші қосылды. Биыл Қастеев музейіне павлодарлық суретшілердің көрмесінен өздері таңдап алған тоғыз автордың жұмысы сыйға тартылған болатын. Музейдің ұжымы өте керемет. Ертеден істеп келе жатқан өнертанушылар бар. Олардың үшеуі - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Бұл көрмеде қызымның портреті және ыстық бауырсақ пісіріп отырған ана мен балалардың суреті, Баянауылдың табиғаты, «Көш» деген жұмыстарым қойылған..

Музей директорының орынбасары Ольга Пашконың айтуынша, осыдан 55 жыл бұрын ҚазКСР министрлерінің  Павлодар облыстық көркемсурет музейін құру туралы бұйрығы жарияланған.

-  Бүгінгі таңда қорда алпыс мыңнан астам туынды бар, - дейді ол. - Атап айтсақ, живопись, кескіндеме, мүсін, декоративті-қолданбалы өнер,  театралды декарациялық өнер, суреттер. Биылғы жылдан бастап қуыршақтар топтамасын жинап жатырмыз және мұндай ерекше өнер түрін таңдаған шеберлердің керемет көрмесі болады деген үміттемін. Қорды көрсету өте маңызды. Сондықтан көрме «Таңдаулы» деп аталады. Оның ішінде ең үлкен және ең кіші, қараңғы және ашық картиналар бар. ҚазКСР Қазақстан ғылым академиясының кеңейтілген отырысының 3х5 көлемдегі картинасын алғаш рет көрсетіп отырмыз. Бұл -  тарихи оқиға. 27 адамның портреттері мен суретшінің автопортреті бейнеленген. Сондай-ақ өнердің бастауында тұрған Әбілхан Қастеев, Айша Ғалымбаева және Гүлфайрус Ысмайылованың жұмыстарын атап өтуге болады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет