Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова байқауға тек Павлодардың ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Ақтөбенің де мүсіншілері жұмыстарын ұсынғанын атап өтті.

- Алдағы жылы ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтіледі, - деді Самал Бегалинова. – Республикалық деңгейде тойлау барысында Абайға арналған ескерткіш жоқ қалаларда мүсін орнату ұсынылған. Бұл ескерткішке қатысты байқауға 8 мүсіншіден 11 үлгі келіп түсті. Әзірге оның үшеуі іріктеліп алынды.

Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш Абай – Кривенко көшелерінің қиылысында орналасатын болады.

Сонымен қатар, көрнекті әнші, ақын-сазгер, ҚазССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлына арналған ескерткіш облыс орталығындағы қалалық саябақтың Естай – Академик Бектұров көшелерінің қиылысатын тұсында орын алмақ.

- Естай атамызға арналған ескерткіштің мәселесі 9 жылдан бері көтеріліп келеді, - деді бөлім басшысы. – Байқау барысында ескерткіштің 9 үлгісі ұсынылды.

Айта кетейік, қазақтың қос тұлғасына арналған ескерткіштерге бюджеттен тыс қаржы қарастырылуда.

Оразбек Саяхат
Фото ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, тұлға, Абай, Естай, ескерткіш