Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Облыс тұрғындарының қатты отын дайындауы туралы» атты баспасөз конференциясында мәлім болды.

Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Испуловтың мәліметінше, өңір тұрғындары үшін көмір қажеттілігі шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күні қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ақпараты бойынша тұрғындардың 80 %-ы көмір дайындады. Ал өткен жылмен салыстырғанда көмір бағалары сол деңгейде қалды.

- Облыстың барлық қалалары мен аудандарында өздерінің дайындау-тарату пункттері бар, - дейді Талғат Испулов. - Оларда шамамен 13 мың тонна көмір қоры бар. Облыста қатты отынға тапшылық байқалмайды, көмір еркін сатылымда. Көмірдің құнын ұстап тұру және тұрғындарды қажетті көмір көлемімен қамтамасыз ету мақсатында жылу беру кезеңінде облыстың энергетика және ТҮКШ басқармасы күнделікті мониторинг жүргізеді.

Облыс орталығында тұрғындар үшін көмірдің негізгі сатушылары 4 темір жол тұйығы бар. Олар - «Элит KZ» ЖШС, «А-Вест Павлодар» ЖШС, «Северэнергоугольснаб» ЖШС және «Qaz Coal Trade» ЖШС. Сондай-ақ Ақсу қаласы мен Шарбақты ауданында көмір темір жол көлігімен жеткізіледі.

Басқарма басшысының орынбасары тұрғындарға сату нүктелері және оларда көмірдің бар-жоқтығы туралы түсіндіру үшін қалалар мен аудандарда ыстық желілер құрылғанын, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екенін атап өтті.

- Осы уақытқа дейін жұмыс тобы стихиялық сауда нүктелерін айналып өту барысында көмір сатуды белгіленбеген орында жүзеге асыратын 4 құқық бұзушы анықталды, - дейді спикер. - Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБК 204-бабы бойынша ескерту түріндегі әкімшілік хаттамалар жасалды.

Айта кетерлігі, Павлодар облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласының әкімдігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің құрамында баға алыпсатарлығы мен көмірдің заңсыз айналымын болдырмау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Олар апта сайын көмір сату орындары мен нүктелерін аралап, тексеріс жүргізеді.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: ӨКҚ

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, көмір, қоғам, қыс