Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ардақ Күзеков баяндады.

- Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру негіздерін түсіндіру бойынша жұмыс жалғасуда, - деді Күзеков. - МӘМС жүйесін енгізу бойынша облыс техникалық және ұйымдастыру жағынан 100 пайыз дайын деп айтуға болады. Дайындық шаралары ауқымды көлемде жүргізілді. Бірінші кезекте денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер енгізіліп, интернетке қосылған. Мамандардың біліктілігі арттырылды. Медициналық ұйымдар жұмыс істейтін ақпараттық жүйелер МӘМС бағдарламаларымен және денсаулық сақтау министрлігінің жүйесімен біріктірілген. Ұйымдастыру жағына келетін болсақ, көші-қон, табиғи факторларға байланысты тізімнің ауытқып отыратыны белгілі.

Ведомство ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 49 мың адам емханаға тіркелмеген. Жұмыстың қарқынын арттырудың нәтижесінде бүгінгі таңда 38 мың тұрғын тіркеліп үлгерген. Нәтижесінде бұл көрсеткіш бойынша Ертіс өңірі үздік төрт аймақтың қатарына енген.

- Ендігі уақытта мемлекеттің жан басына шығындалмауы үшін басқа қалада тұратын жандардың мекенжайын анықтау керек, - дейді Ардақ Күзеков. - Бұл қаржы қайта тіркелгендерге жұмсалады, яғни тізім түгенделеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындардың 82 пайызы өз мәртебелерін өзектендірген және медициналық сақтандыру бойынша төлем жасауға дайын. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз екінші орында тұр. Желтоқсан айының басында медициналық ұйымдар МӘМС аясында медициналық сақтандыру қорымен келісімшарттар жасай бастайды.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі Болат Бақауов әзірге 100 пайыз деп айтуға ерте екенін атап өтті.

- Себебі, әлі де кемшіліктер кездеседі, - деді ол. – Ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, тұрғындар білмейтін сұрақтар бар. Дүйсенбі, 25 қараша күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге қатысты делегациямен Қарағанды облысына баруды жоспарлап отырмыз. Тәжірибе алмасу бойынша кейбір сұрақтарды қарастырамыз. 1 қаңтар күні қарбалас басталатыны белгілі. Біз оған дайынбыз. Жағдай менің жеке бақылауымда және тікелей желі жұмыс істейтін болады. Жұмыс істемейтін, интернетті пайдаланбайтын адамдардың  әрқайсысына түсіндіру керек.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қарағанды облысында медициналық сақтандырудың тестілік кезеңі басталды. Нәтижесінде Қарағанды облысының тұрғындары МӘМС жүйесі бойынша ең қымбат тексерулер мен толықтай оңалту көмегін алуға қол жеткізген. 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам