Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен ТЖ алдын алу бойынша өңірлік комиссияның отырысында өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов мәлім етті.

- Биыл өте көп далалық және орман өрті орын алды, - деді Ернұр Өтегенов. – Облысымызда орман шаруашылығы ұйымдарымен 173 орман өрті тіркелді. Бұл - өткен жылғыдан 4 есе көп. Апаттың орын алуына байланысты 112 найзағай түсуі, 53 отты абайсыз қолдану және 8 от тұтандыру себептері анықталды. Орман өртін сөндіруге 800-ге жуық техника мен 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды.

Ернұр Өтегенов биылғы жылы өңірде 316 далалық өрт тіркелгенін атап өтті.

- Далалық өрт 12 мың гектар аумақты қамтыды, - деді департамент басшысы. – Тілсіз жауды сөндіруге 700-ден астам техника мен 2,5 мың адам жұмылдырылды. Далалық өрт кезінде бірден әрекет ету үшін 37 өрт бекеті мен 203 ерікті құрылымдар бар.

Сонымен қатар, 2020 жылы Баянауыл, Аққулы, Май, Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында өрт бекеттерін ашу жоспарланған.

Облыс әкімі Болат Бақауов орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмыс сапасын арттыруды тапсырды.

- Біздегі орман қызметкерлерінің жұмысы ақсап тұрғаны белгілі, - деді облыс басшысы. – Сол жерлерде өздерінің малдарын бағады. Бізге қызметкерлердің сандарын қысқартып, жұмыс сапасын арттыруды ұсыну керек. Оған қоса, алдымызда аязды күндер келе жатыр. Жеке секторларда аяздан тоқ сымдарынан өрт шығатын жағдайлар болады. Оның алдын алуға профилактикалық жұмыстар ғана көмектеседі. Сондықтан бұл бағытта белсенді жұмыс жасауды тапсырамын.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, орман, өрт, ТЖ, ТЖД