- Биыл Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 55 жылдық мерейтойы аясында біздің шаңырақ көптеген жобаларды іске асырып жатыр, - дейді облыстық көркемсурет музейінің басшысы Айгуль Нұрғамысова. - Соның ішінде халықаралық жобаларды айтуға болады. Бүгінгі көрме Қытай Халық Республикасының 70 жылдығына орай өткізілуде. Қытайлықтар осындай іс-шараларды өз елдерінде және шет елдерде де ұйымдастыруда. Аталмыш фотокөрмені Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе және Шымкент сияқты ірі қалаларының тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Ал қорытындысы біздің өңірімізде өткізіліп отыр.

Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасындағы ҚХР елшілігінің өкілдері, Павлодар облысы мен Павлодар қаласының фотосуретшілері мен қылқалам шеберлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

- Фотокөрме үш бөлімнен тұрады, - дейді ҚР ҚХР елшілігінің кеңесшісі Сунь Чандун. - Бірінші бөлім - Қытай ұлтының аяққа тұруы, екінші - реформалар мен ашықтық саясаттың қолайлы кезеңі, яғни 1978 жылы елдегі реформаларды бастау мен еркіндік және ашықтық бойынша қабылданған қаулы кезеңі. Ал үшінші бөлім - жаңа дәуірге табанды әрі батыл қадам. Бұл 2012 жылы өткен Қытай коммунистік партиясның съезінде қабылданған реформалар саяси жаңғырту жүзеге асыруға негіз болып, Қытай мемлекетінің жаңа тарихи дәуірге қадамы болып саналады.

Сунь Чандун фотокөрменің мақсаты уақыт ағымындағы ҚХР өткен тарихын, бүгінгі және болашақ жетістіктерін баяндап көрсету екенін атап өтті. Сонымен қатар, көрші мемлекет болғандықтан бір-біріміздің мәдениетіміз мен дәстүрімізді біліп, достық қарым-қатынасты нығайту көзделгенін айтады.

Көрме 2019 жылдың 4-18 желтоқсан аралығында жұмыс істейді.

 Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ҚХР, фотокөрме, музей, Қытай