Қосымша білім беру мекемесі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, шараға Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандырылған мектебі, «Білім-Инновация», № 10 лицей-мектебі, дарынды балаларға арналған көпсалалы облыстық лицейі, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты, №3 дарынды балаларға арналған гимназиясының оқушылары қатысқан. «Eco Alem» ойын алаңында қатысушылар үшін экологиялық бағыт бойынша сұрақтар мен тапсырмалар әзірленді.

- Бұл тапсырмалар арқылы әрбір оқушы қалдықтарды дұрыс сұрыптап үйренеді, - дейді баспасөз хатшысы Әсем Айыпова. - Сонымен қатар әртүрлі қоқысты бөлуге немесе қайта өңдеуге қанша уақыт жұмсайтынын анықтайды. Ойын алдыңда оқушыларға «көміртегі ізі» дегеніміз не екенін түсіндіріп, әр қатысушыға 50 тонна CO2 есептелген. Жеңіске жету үшін ойыншылар сұрақтарға дұрыс жауап беріп, тапсырмаларды орындады және көміртегі ізін  «0»-ге дейін төмендетеді.

Бұл ойында экологиялық тапсырмалардан басқа, қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша тапсырмалар да қамтылған. Әрбір ойыншы асықты шерту арқылы ойынды жалғастырады.

Конкурстың қортындысы бойынша дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы интернаты 3 орынға, дарынды балаларға арналған №3 гимназиясы 2 орынға иеленді.

Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейінің командасы бас жүлдеге ие болды. Олар 4-5 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық чемпионатқа шақыру алып, 80 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

- Бұл ойын экологиялық білім мен дағдыларды, патриоттық сезімді, өз жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру үшін және экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру үшін бағытталған. Елордада жеңіске жеткен оқушылар 250 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады, - деді Павлодар облысы бойынша «ЖасҰлан» ҚБЖҰ-ның аймақтық хатшысы Самал Сүлейменова.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім