Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында  облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина мәлім етті.

- 1 желтоқсаннан 30 сәуірге дейін  эпидемиологиялық маусым болып саналады, - дейді Ирина Сорокина. - Өңірде тұмау вирусының пайда болғаны тіркелмеді. 1 қазаннан бастап  жедел респираторлық вирустық инфекцияларға шалдықты деген күдікті тұлғалардың материалдарына зертханалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мұндай 130 адамды тексеріп шықтық. Олардың арасында парагрипп, рено, одено және короно вирустар айналып жүр. Яғни, облыста тұмау емес вирустар ауада бар. Дегенмен, еліміздің аумағында тұмау анықталған. Әдетте тұмау желтоқсан айының соңында басталып, ақпан айында шарықтау шегіне жетеді.

Өңірдің бас санитар дәрігері биылғы маусымға дайындық шараларына тоқталып өтті.

- Қазіргі таңда тұмауға қарсы вакцинамен өңір тұрғындарының 10,6 пайызы қамтылған, - дейді Ирина Сорокина. - Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын тиімді деңгейге сай келеді. Бірінші кезекте жиі ауыратын және созылмалы ауруларға шалдыққан, егде жастағы тұлғалар қамтылады. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың 15 мыңнан астам жұмыскеріне екпе салынды. 6 мыңға жуық адам ақылы негізде вакцина алған. Жалпы ережелерді сақтау, адам көп шоғырланған жерлерге және бұқаралық шараларға барудан бас тарту, таза ауда көбірек серуендеу, ағзаны нығайтатын дәрумендер қабылдау арқылы тұмаудан сақтануға болады. Вакцина алғаннан кейін иммунитет 2-3 аптада қалыптасады.

Денсаулық сақтау басқармасы 2019-2020 жылдары эпидемиологиялық маусымында жергілікті бюджет есебінен «тәуекел тобына» жататын азаматтарды иммундауға вакцинаның 62536 дозасын сатып алған.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам