Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, биыл облыс бойынша қаруды сатып алу, оны сақтау мен алып жүру бойынша төрт мың адамға жуық қызмет көрсетілді. 720 адам азаматтық немесе қызметтік қаруға тұңғыш рет ие болды.

- Жалпы облыс бойынша әртүрлі қару ұстайтын 12 мың адам тіркелген, - дейді полицей. – Қаруға ие болу үшін, біріншіден, азамат оған иелік етуге рұқсат беретін медициналық қорытынды мен психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлердің анықтамасына ие болып, қаруды пайдаланудың қауіпсіздік ережелерін білуін дәлелдеуі қажет. Сонымен қатар, қару иеленемін деушілер оны үйінде арнайы сейфте сақтауы шарт.

Жасқайрат Қайыров атап өткендей, рұқсат берілген жағдайда тұрғындар тегіс ұңғылы, иір ойықты және электрошокерге ие бола алады. Жарақаттық қару болса, 2015 жылдан тек күзеттік құрылымдарға ғана беріледі.

Полицейдің айтуынша, адамның өзін-өзі қорғауына арналған газ баллондары мен күші 156 Дж-ден аспайтын пневматикалық қаруға ие болу үшін ешқандай рұқсаттың қажеті жоқ.

- Сонымен бірге, пышақ арнайы дүкенде сатып алынып, оны иеленуге рұқсат болса, оны алып жүруге тыйым салынбайды. Алайда, адамнан өздігімен жасалған рұқсатсыз суық қару табылса, мұндай азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалады, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары айтып өткендей, биыл облыс тұрғындары өз еркімен тоғыз миллион теңге сомасына 67 дана қару тапсырған. Оған қоса, 16 дана қаруды полицейлер күштеп тәркілеген. Олардың ішінде сирек кездесетін ТТ және Маузер тапаншалары болды.

- Егер қаруға ие азамат отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде әкімшілік құқықты бұзған жағдайда мұндай азамат автоматты түрде қарудан айрылады, - деп ескертті әңгіме соңында Жасқайрат Қайыров.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қару, Жасқайрат Қайыров, полиция