Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сатирик, аудармашы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сүлеймен Баязитовпен кездесуге зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

- Сүлеймен ағамыз өңіріміздегі проза мен поэзияға қомақты үлес қосты, - деп атап өтті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани. – Қоғамдық ісіне тоқталсам, азаматтық міндетін алдыңғы қатарда жүріп атқарған ақындардың бірі осы -Сүлекең. Семей полигонын жабуға Баянауылда жүріп-ақ атсалысқан. Осы тақырыпта үлкен шығармасын жазды. «Қазақ тілін көркейтейік, қалай дамытамыз?» деген мәселелерді көтерген. Жас ұрпақты ұлттық мүддеге насихаттады. Жас ақындарды тәрбиелеуде ұстаздық та атқара білді. Баянауылдан шыққан ақындарға ұстаз болды. Журналистік қыры бір бөлек. Ақын тек – өлең жазушы емес, қоғамдық міндеттерді де қатар алып жүреді. Орта ғасырларда жыраулар осы міндетті атқарды. Бұқар жырау, Доспамбет жырау егемендік мәселелерін көтерді. Біздің кезімізде Сүлеймен Баязит, Ақын Алақанұлы сияқты ақындарымыз сол міндетті атқарып, елдікке шақырып келеді.

«Жырларым – елге мұра, ұрпаққа – аманат» атты кездесу кешінде қалалық Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ айтыскер ақын Оразбек Саяхат пен Раушан Амангелді кеш иесінің Ұлыстың ұлы күніне орай жазған «Қыз бен жігіт» айтысын көпшілік назарына ұсынды.

- «Жасында бала бола алмаған, өскенде дана бола алмайды» дейді халқымыз. Мен «дана» бола алмасам да, жас кезімде тентектеу бала болдым. Басында балаларға жаза қояйын деген белсенділік болған жоқ. Алғашқы жыр жинағым үлкендерге арналған, Мұзафар Әлімбаев сияқты үлкен ақындар жылы лебізін білдіргеннен кейін бір жолға түскен еді. Сол кездері Есентай Ерботин деген ағамыз қайта-қайта қоңырау шалып, балаларға арнап жазуымды тапсырды. Балалар әдебиеті деген басқа бағыт. Бүлдіршіндерге арналған алғашқы туындыны жазуым өте қиынға түсті. Бірнеше күн қиналып жүріп жазып едім. Басы қатты болғанмен, кейін тәтті шығармалар дүниеге келді, - деді Сүлеймен Баязитов.

Журналист, жазушы, ақын, өлкетанушы, аудармашы Сүлеймен Баязитов 1944 жылы 2 желтоқсанда Баянауыл ауданының Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Алғашқы әңгімесі 1962 жылы «Тың өлкесі» газетінде жарияланған.

Жазушы Омар Хайям, Пабло Неруда, Федор Тютчев, Леся Украинка, Роберт Бехер, Вашингтон Ирвинг, Марк Твен сияқты әлем әдебиеті классиктерінің поэзиялық және прозалық шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Еске салайық, ақынның осы уақытқа дейін 18 кітабы жарық көрген. Балаларға арналған 4-ші кітабы биыл «Бала Мәшһүр» деген атпен шығарылған болатын.

Дулат Райымбек
Фото: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Сүлеймен Баязитов, ақын, мерейтой