«Қазақстанның жастар конгрессі» мен қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырған салтанатты іс-шара Павлодардың жастар бастамаларын дамыту орталығында өтті.

Жастарды келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған Павлодар әкімінің орынбасары Светлана Гладышева еңбеккер жастарға табыс тіледі.

- Бүгінгі іс-шара Жастар жылын лайықты қорытындылайды, - дейді Светлана Гладышева. – Сіздер күн сайын Қазақстанның дамуына үлес қосудасыздар. Сіздердің еңбекке деген адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Келе жатқан мереке қарсаңында баршаларыңызға бейбітшілік пен табыс тілеймін.

Осы күні марапатқа ие болғандардың бірі – мұнай-химия саласының үздік жас маманы номинациясында жеңіске жеткен Павлодар мұнай-химия зауытының технологиялық қондырғылардың 5-санатағы операторы Ернар Тілектесов. Салтанатты рәсім кезінде жас маманның еңбек әулетін жалғастырушы екендігі сөз етілді.

- Әкем ПМХЗ-да компрессорлық қондырғысында жұмыс істейді, - дейді Ернар Тілектесов. – Бала кезімде экономист болуға ұмтылдым. Алайда, ҰБТ тапсырар шақта әкеммен әңгімелесіп, оның ізін жалғастырамын деп шештім. Жұмысқа алғаш орналасқанымда зауытта маған бәрі таңсық болды. Алайда, өндірістік үдерісті тез үйренгеннен соң мұндағы жұмыстың қызық екендігіне көзім жетті.

Іс-шара соңында «Ертіс дарыны-2019» байқауының жеңімпазы Руслан Жұмабаев пен Наталья Процкая орындауындағы әндер шырқалды.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Жастар жылы, конкурс, үздік мамандар, Светлана Гладышева, еңбек