«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, несиенің жабылуын талап еткендер азаматтарға әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазып, СМС жіберіп, телефондарына қоңырау шалып мазалаған.

- Мысалы, жуырда өзін Нұр-Сұлтан қаласының орталық ХҚО қызметкерімін деп таныстырған Әсем Әмірәлі қала тұрғындарының біріне қоңырау шалып, ақша талап еткен, - дейді баспасөз хатшысы Мейрамгүл Есімова. - Алаяқтар «Егер сіз кешкі алтыға дейін 350 мың теңге төлемесеңіз, ЖСН бұғатталатын болады» деп қорқытқан.

Алаяқтардың айтуынша, павлодарлық тұрғын туысқаны  алған несие үшін кепілгер болған, бірақ ол ешқандай құжатқа қол қоймаған және несие туралы білмеген. Белгісіз адамдардың қоңырауынан кейін тұрғын бұл ақпараттың шындығына көз жеткізу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аймақтық филиалына жүгінген.

Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері ешкімге хабарласпайтынын және ЖСН бұғаттау құзыры жоқ екенін түсіндірген.

Азаматтарға арналған үкімет павлодарлықтарды мұқият болып, мұндай қоңырау шалушыларға сенбеуге шақырады және осындай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынады.

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам