Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ведомствоға 25 датчикті Қазақстан электролиз зауытынан тегін берген.

Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың, жалғыз тұратын қарт адамдардың үйлерінде осындай 150 құрал кезең-кезеңмен орнатылатын болады. Мұндай сыйға ие болған көп балалы Даутовтардың отбасы ТЖ қызметкерлеріне алғыс білдірді.

- Енді ештеңеге алаңдамай тыныш ұйықтай аламын, жақында ғана бесінші баламен перзентханадан шықтым. Улы газды айқындау датчиктерін орнатқанға дейін және орнатқаннан кейін де мамандар құралды тұрмыста қалай пайдалану қажет екендігіне егжей-тегжейлі кеңес берді, - деді Әсия Әбдиева.

Облыс орталығында жеке сектор барлық тұрғын үй қорының 40 пайызын құрайды. Осы жағдайды ескере отырып, қалалық ТЖ басқармасының және басқа да бөлімшелердің қызметкерлері тұрғын үй иелеріне үнемі барып тұрады.

Бұл жұмыс жыл бойы жалғасуда, бірақ жылыту кезеңінде тұрғындар арасында алдын алу жұмыстарына еріктілер, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, ТҮКШ және ауылдық әкімдіктердің қызметкерлері қосылады.

Улы газ датчиктерін орнату жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан басталған. Бірінші кезекте халықтың аз қамтылған және көп балалы топтарының, жалғыз тұратын қарт адамдардың үйлері қамтылады.

Фото: ТЖД

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам