Қазіргі уақытта қалалық мәслихатта 23 депутат бар. Бүгінгі кездесуге 6 депутат қатысты. Жыл басынан бері мәслихаттың 14 сессиясы өткізіліп, 98 шешім шығарылған.

- Мәслихаттың негізгі міндетіне дамудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын және жергілікті бюджетті бекіту, олардың жүзеге асырылуын қадағалау, басшылардың есебін қарау, азаматтардың құқығын қамтамасыз ету және заңды көзқарастары мен өзге де мәселелерін шешуді жүзеге асыру жатады, - деді мәслихаттың депутаты Михаил Желнов. – Биыл сайлау округтерінде 200 жеке қабылдау өтіп, 1,5 мың адам қабылданды. Депутаттарға тұрғындардан келетін сұрақтардың басым бөлігі көшелердің жарықтандырылуы, жол жөндеу, электр жүйелері, су мәселесі, көріктендіру, тұрғын үй мәселелері және жұмыспен қамтуға байланысты.

Депутаттардың есебі бойынша, 2019 жылы қаланы көріктендіру мен жасылдандыруға, жылу жүйелерін пайдалануға, ауылдық жерлерде санитарлық нормалардың сақталуына, көлік инфрақұрылымын дамытуға, қаланы жарықтандыруға 2 млрд 499 млн теңге бөлінген. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2 млрд 470 млн теңгесі игерілген.

Сондай-ақ ТҮКШ-тің жаңғырту бағдарламасы аясында Теплова 38/2, Гагарин 89, Вс. Иванов 92 мекенжайларындағы үйлерде жөндеу жұмыстары жасалған. Келер жылы Мойылды ауылындағы 6 үй күрделі жөндеуден өтпек. Оған қоса, 2019 жылы шаһарда 15 мың шаршы метрге жуық аумақта гүл отырғызылған.

Тұрғындармен кездесуде Усолка шағын ауданы қарайтын №21 сайлау округінің депутаты Игорь Веретнов өзінің жауапты аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

- Ағымдағы жылы біздің аумақта асфальт төсеу жұмыстары қарқынды атқарылды, - деді Игорь Веретнов. – Теплов көшесінен Ertis Olympic бассейніне дейін, Камская-Парковаядан Бестужев 1 үйіне дейін, Сатбав көшесіндегі 344 және 348 үйлердегі көлік тұрақтарына асфальт төселді. Бестужев көшесі, 14 пен 1 Мамыр көшесі, 383/3 мекенжайында стритбол алаңдары ашылды. 7 мекенжайда ағаштар кесілді. 16 мекенжайда жарық шамдары орнатылды.

Кездесуге қатысқан тұрғындар депуттаттарға өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Солардың бірі «Вера» ПИК басшысы Евгения Шквира Майра көшесі, 1 мекенжайындағы үйдің қасбеті құлайтынын айтты.

- Бұл үйді пайдалануға берген кезде сондай жағдайда болатын, - Евгения Шквира. - Қатты жел тұрғанда бөліктер ылғи құлайды. Аула тазалаушылар жинап, жертөлеге жинауда. Адамдар өздері тұратын үйге қорқынышпен қарап жүреді. Біз бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеміз. Қаланың алдыңғы басшысы да келді. ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғындардың қаржысына жөндеу ұсынылды. Алайда кейбір тұрғындар әлі ипотекасын да төлеп біткен жоқ. Сондықтан қалталары көтермейді. Бір шешім табылмауы мүмкін емес қой. Осыған көмек көрсетсеңіздер.

Бұған қатысты мәслихат депутаты Игорь Веретнов жаңа хабар айта алмайтынын және ТҮКШ-тің жаңғырту бағдарламасы арқылы жүзеге асыруды ғана ұсына алатынын жеткізді.

Сонымен қатар, кездесу соңында қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысқан ардагерлер кеңесінің, кондоминимум, шағын және орта бизнес өкілдері мен ұйымдардың басшыларына қалалық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттары табысталды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Усолка, мәслихат, депутат, халық, кездесу, қоғам