- Халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарымен алмастырылады деп күтілуде, - дейді Тоқтамыс Жұмағұлов. – Болжам бойынша, бұл заң 6 ай уақыт аралығында күшіне енеді. Сәйкестендіру картасымен кез-келген мемлекеттік мекемелерге кедергісіз кіруге, сондай-ақ картаны жеке куәліктің орнына да қолдануға болады.

Оған қоса, қабылданған заң бойынша әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалуға құқығы бар тұлғалардың аясы кеңейді. Олардың қатарына соңғы бес жыл ішінде халықаралық, шетелдік және трансұлттық ұйымдарда жұмыс тәжірибесі бар, жетекші шетелдің жоғары оқу орындары мен мамандықтарының PhD докторлары кіреді.

Тоқтамыс Жұмағұловтың мәліметінше, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында «Болашақ» бағдарламасымен оқыған 9 адам жұмыс істейді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында – 13 адам бар. Оның ішінде 8 адамда «ғылым кандидаты» дәрежесі бар.

Бұдан басқа, енгізілген түзету бойынша, әкімшілік мемлекеттік қызметке конкурс бойынша түсу реті күшін жоймайды. Конкурсқа бекітілген талапқа сәйкес барлық азаматтар қатыса алады. Тек әкімшілік лауазымға конкурстан тыс тағайындала алатын тұлғалардың аясы кеңейді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту бойынша бірнеше түзетулер енгізілді.

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен, жетекші қызметкерлерге бағынышты мамандардың сыбайлас жемқорлық қылмыстарын алдын алу мақсатында міндеттерін тиісті деңгейде орындамағандары үшін жауапкершілікке тарту қарастырылған, - дейді департамент басшысы. – Олардың қатарына, министрлер, облыс әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері сияқты тұлғалар жатады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және басқарушылық тәжірибелерін тиімді пайдалану үшін саяси қызметкерлердің ротациясы енгізілді.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшіге қызметтік этиканы бұзғаны үшін күшін жоймаған құқықбұзушылық болған жағдайда қызмет бабымен көтерілуге рұқсат етілмейді.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларындағы тағы бір жаңашылдық – Елбасының тапсырмасымен басқарушылық лауазымдарға үміткерлер Назарбаев Университеті және Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа формациядағы жетекші» бағдарламасы бойынша оқудан өтеді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың қызметі саласы бойынша өзге де білім беру ұйымдарында оқу құқығына ие.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметке екінші рет түсетін тұлғалар үшін сынақ мерзімі бұдан былай болмайды. Бұл санатқа сынақ мерзімі, аттестация қорытындылары немесе кері мотивтер, қызметтерін бағалау бойынша жұмыстан шығарылғандардан басқа тұлғалар жатады.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мемлекеттік қызметшілер, қызметтік куәліктер, сәйкестендіру картасы