«JEBE» және «Қағандық» қоғамдық бірлестіктерінің бастамасымен таралған «Тәуелсіздік тұғырым» челленджін жоғары оқу орны Павлодар қаласының №37 мектебінен қабыл алды.

- Ширек ғасырдан асқан егемендігіміз, тәңір ықыласы түскен тәу етер тәуелсіздігіміз – бүгінгі ұрпақтың маңдайына біткен бақыты. Ендеше, сол бақытты еселей түсу, замана көшіне ілестіру – жас студенттер мен ұстаздар қауымы – біздердің де азаматтық парызымыз. Патриоттық ізгілікке тәрбиелейтін, ұлттық мақтаныш сезімін оятатын «Мен Қазақпын» әнін орындау – елін шексіз сүйер әр азаматтың міндеті, - деді ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы.

ПМПУ ректоры, қызметкерлері мен студенттері хит әнді авторларының бірі, әуенін жазған жас композитор Жарасхан Төлебаймен бірге орындады. Сондай-ақ оқу ордасындағы челленджге «JEBE» және «Қағандық» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері де қатысты.

- Әннің авторы ретінде университет ұжымына ризашылығымды білдіре отырып, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуын тілеймін! Біз жастар жігеріміз бенен рухымызды сайлап, еліміз үшін еңбек қылуға әзірміз. Ең бастысы жүрегіміз «мен қазақпын» деп соқсын, - деді Жарасхан Төлебай.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік тұғырым» челленджі бойынша аталған ән ИнЕУ-де орындалып басталған болатын.

- Университетімізге әннің сөзін және әуенін жазған қос авторы мен орындаушысы Қуандық Рахым да шақырылған, - деді ПМПУ студенттік филармониясының маманы Оразбек Бақытхан. – Алайда, жұмыс бабына байланысты әуенін жазған Жарасхан Төлебай ғана келе алды. Автордың қатысуымен өткізген және ең бірінші қолдаған ректор ретінде Алтынбек Нухұлы челленджді республикалық жоғары оқу орындарына жолдады.

Өз кезегінде ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы «Тәуелсіздік тұғырым» челленджiн Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымына, ректоры Дария Пернешқызына, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымына, ректоры Ақан Жылқышыбайұлына және проректор, әнші Сәкен Майғазиевке, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ұжымына, ректоры Бауыржан Амангелдіұлына жолдады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Тәуелсіздік тұғырым, челлендж, ПМПУ