«Мед Прииртышья» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Сергей Трофимовтің айтуынша, биыл алғашқы болып 20 адам әуесқой омарташы сертификаттарын алды.

- Біз оларды жұмыспен қамту орталығы арқылы оқыттық, - дейді Сергей Трофимов. - Жаңа жылдан кейін олар бизнес жоспарларын жазып, ара шаруашылығын дамытуға 250 мыңнан 504 мыңға дейін субсидия алуы тиіс. Бұл сомаға омарташылықпен айналысуға керек құрал-жабдықтарды сатып алады. Оған қоса, білім беру бөлімімен келіссөз жүргізіп, қала оқушылары үшін мұражай бойынша экскурсия өткізудеміз. Омарта шаруашылығы – табысты кәсіп көзі деп айта аламын. Сол себепті оқушылардың мектеп кезінен бастап осындай ауыл шаруашылығына қызыққанын қалаймын.

«Мед Прииртышья» АШӨК Айманов көшесі, 43 мекенжайы бойынша орналасқан. Мұңда Қазақстанда тек Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана бар апитерапия, яғни ара шағу әдісімен адамдарды емдеу кабинеті жұмыс жасайды. Сондай-ақ өңіріміздегі омарта шаруашылығының тарихын баяндайтын жәдігерлер мен ақпарат көрсетілген музей және «Медовая аптека» дүкені орналасқан.

- Дүкенде жергілікті омарташылардың шығарған балы бар мұз кәмпиттер, балды алма, ұядағы бал және өзге де өнімдер бар, - дейді спикер. – Сонымен қатар, түрлі теріге арналған иісмайлар сатылады. Қазір халық табиғи өнімді жоғары бағалайды. Сондықтан сұраныс көп. Жылына 100 тонна бал өндіріледі. Қалада жергілікті бал өнімдері ұсынылған үш дүңгіршектеріміз бар.

Айта кетейік, «Мед Прииртышья» АШӨК жылжымалы павильондарды орнату үшін жер учаскесін жалға алуды жоспарлап отыр.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінен 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, омарташылар курсы, ара, бал