Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев атап өткендей, республикалық бюджеттен түсетін мақсатты трансферттерін қоса есептегенде 2020 жылға арналған өңірлік бюджет көлемі 222,6 миллиард теңгені құрады. Бұл биылғы бюджеттен 4% артық.

- Келер жылы әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат 27%-ға артып, 76 миллиард теңгеге жетеді, - дейді Мақсат Тұрлыбаев. – Мәселен, 2,7 миллиард теңге денсаулық сақтау саласына жолданады. Оның 400 миллионына 50 науқасқа арналған қымбат бағалы дәрі-дәрмек сатып алынады.

Облыс әкімі Болат Бақауов айтқандай, жаңа бюджетте тұрғындардың әлжуаз топтарын қолдауға арналған әлеуметтік пакет күшейтілген.

- Мүгедектерді арнайы құралдармен қамту мәселесі ерекше назарға алынған, - дейді Болат Бақауов. – Биыл мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған арба мәселесін түбегейлі шештік. Келесі жылы санаторлық-курорттық ем ұйымдастыру, протездер сатып алу және өзге де қосалқы құралдарды сатып алуға қажет қаражат қарастырылады. Осы жолы бізді Еңбек министрлігі қолдап, облысқа 500 миллион теңге бөлді. Жалпы алғанда осы мақсатқа жұмсалатын қаражат 2,4 есеге арттырылды.

Келер жылдан бастап облыстық бюджет «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы жөндеу жұмыстарын қолдап, аталған жобаға енбеген кейбір ауылдарды ғана қаржыландырады.

- Қала мен аудан әкімдері жөндеу жұмыстарына өздері де қаражат іздестіруі тиіс, - дейді Болат Бақауов. – Ол үшін барлық әкімдер салық жинау мәселесін күшейтуі тиіс. Келесі жылы кіші және орта кәсіпкерліктен түсетін корпоративтік табыс салығы қала мен аудан әкімдіктеріне тапсырылатын болады. Мұндай жаңашылдық әкімдердің өздеріне тиесілі аудандағы экономикалық белсенділікті арттыруға мүдделілігін арттыруы тиіс.

Айта кетейік, келер жылы облыста әлеуметтік маңызы бар 16 нысан салына бастайды. Олардың ішінде Ямышево, Есілбай және Ағашорын ауыл клубтары, Мойылды, Жетекші және Ақсу кенттерінде дене шынықтыру кешендері, Тереңкөлде хоккей корты мен Шарбақты мен Майқайың ауылдарында салынатын стадиондар бар.

Арслан Ғалымбек

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: мәслихат, бюджет, сессия, Болат Бақауов, әлеуметтік сала