З.Ақышев атындағы мектепте өткен байқауға аудан мектептерінен 33 оқушысы қатысты. Ерже бойынша қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жаттады.

- Ауданымызда бұндай байқау алғаш рет өтіп отыр, - деді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Махаббат Сәдуақасова. – Байқаудың мақсаты – балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу. Сондай-ақ елдік пен ерлік рухын аспандататын қайсар қасиеттерге баулу.

Байқауда қатысушылар 5-8 сынып және 9-11-сынып оқушылары болып екі топқа бөлініп сынға түсті. Ережеге сәйкес Марабай жырау нұсқасындағы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтты.

Жас өрендердің өнеріне ардагер ұстаз Ғалия Әубәкірова мен аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшім бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Қазылар алқасының шешімімен 5-8 сынып оқушылары арасында Лекер ЖОМ 5-сынып оқушысы Айым Жұмахан мен Ақши ЖОМ 6-сынып оқушысы Тоты Рахметолла жеңімпаз атанды. 9-11 сынып оқушылары арасында М.Ж.Көпеев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Сымбат Мұратова бас жүлдеге ие болды.

Барлық жүлдегерлер мадақтамалармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, жыр, байқау, білім