- Киров көшесінен қаланың тазалағыш қондырғыларына дейінгі диаметрі 1500 мм бас кәріз коллекторын жөндеу жобасы жалғасуда, - дейді Қайрат Нүкенов. – Биыл ұзындығы алты шақырымнан астам кәріз коллекторы санация тәсілімен қалпына келтірілді. Өздеріңіз білесіздер, бұл жұмыс 1 Мамыр көшесінде біраз уақытқа дейін созылған болатын.

Шаһар басшысының айтуынша, құбыр ішінде тағы бір құбыр салынғаны аталған учаскедегі жұмыстардың жүргізілуіне кедергі келтірген. Нәтижесінде қосымша құбыр алынып тасталып, негізгі желі қоқыс пен құмнан толығымен тазартылды.

- Қазіргі кезде бұл учаскедегі құбыр толығымен қалпына келтірілді, - деді Қайрат Нүкенов. – Жұмыстар аяқталды. Осы ауданда тұратын тұрғындарға келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймын.

Сонымен бірге, келер жылдың наурыз айында Екінші Павлодар мөлтек ауданында дренаждық жүйені жобалау басталады.

Қайрат Нүкенов қалалық саябақ аумағында салынып жатқан аквапарк іске қосылғаннан кейін аталған аудан үйлерін сумен қамту мәселесінің күрделенетінін жоққа шығарды.

- Аквапарктердің сумен қамту жүйесі өте күрделі, - дейді Қайрат Нүкенов. – Олар құбырдан суды алып, оны әрі қарай кәрізге ағыза салмайды. Су желілерден бір-ақ рет алынып, әріде аквапарктің қызметін қамсыздандыра береді. Сол себепті, бұл жерде сумен қамту жүйесінде ешқандай проблема болмайды.

Айбек Жұматов

Фото: Әлібек Дженалинов

pavlodarnews.kz

Тэги: жөндеу жұмыстары, коллектор, Қайрат Нүкенов, аквапарк, су