Тәуелсіздік күніне орай облыстық кітапханада «Тәуелсіздік - халық мұраты» атты кітап көрмесінің ашылуы өтті.

Кітапхананың халықаралық кітап сектороның басшысы Әсел Сүлейменованың айтуынша, халықтың патриотизмі мен ұлттық рухын нығайтуға бағытталған көрме «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

- Аталмыш көрменің бастамасы ретінде облыстық кітапханада Тұңғыш Президент күніне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған, - дейді Әсел Сүлейменова. – Ал, бүгінгі Тәуелсіздік күніне арналған көрме жыл сайын ұйымдастырылады. Көрменің мақсаты ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерлігін үлгі етіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау. Сондай-ақ Елбасының кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.

Кітап көрмесі «Желтоқсан – Тәуелсіздік тұғыры», «Әлем таныған Қазақстан», «Азат елдің ажары», «Елім, жерім, Отаным!» атты 4 бөлімнен тұрады. Көрмеге қойылған Желтоқсан эпопеясы, Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы мен қара сөздері, болғар тіліндегі «Көшпенділер» кітаптары сұранысқа ие. Сондай-ақ оқырмандар жас ақындар поэзиясы мен жас қаламгерлердің прозасын оқи алады.

Айта кетейік, көрме 12 желтоқсаннан 24 желтоқсанға дейін жалғасады.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, тіл, кітап, көрме, кітапхана