Қалалық №3 емханасына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаменті директорының міндетін атқарушы Александр Костюктың айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүкіл ел бойынша ресми түрде іске қосылған МӘМС жүйесін енгізуде ешқандай елеулі мәселелер болмаған.

- Өткен жылы МӘМС жүйесін пилоттық режимде енгізуді бастаған Қарағанды облысы көшбасшы болып саналады, - дейді Александр Костюк. – Ал, Павлодар облысы үлкен жұмыс атқарып, жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Атап айтқанда, облыс тұрғындарының 95 пайызы сақтандырылған. Мысалы, осы облыс орталығының №3 емханасының бірінші қабатында науқастар дәрігердің қабылдауына жазылып қана қоймай, МӘМС енгізуге байланысты барлық қажетті кеңес ала алатын ақпараттық орталық бар.

Сондай-ақ, спикер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілуі аясында едәуір кеңейген медициналық қызметтерге халықтың, оның ішінде Павлодар облысының тұрғындары медициналық көмекке нақты медициналық ұйымға жүгінгенде қолжетімділік бойынша мәселелердің болмауы маңызды екенін атап өтті.

- 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстанда тұратын барлық адамдар сақтандырылған болып есептеледі, - дейді Александр Костюк. – Яғни, бұл транзиторлық кезең болып есептеледі. Оған қоса, медициналық көмектің кепілді көлемі мен сақтандыру пакетімен қарастырылған барлық медициналық қызметтерді ала алады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, халық, МӘМС, денсаулық