Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қизат Жақыпов ақпарат жеткізгендей, 2019 жылдың 11 айы ішінде теміржол көлігін есепке алмағанда жалпы саны 1 млрд 131 мың адам және 121,3 млн тонна жүк тасымалданған.

- Облыс бойынша жолаушылар маршруттарының желісі 167 автомобиль, 14 теміржол және 6 әуе маршруттарынан тұрады, - дейді Қизат Жақыпов. – Бүгінде FlyArystan әуе компаниясы Павлодардан Алматы және Нұр-Сұлтанға дейінгі маршруттар бойынша қызмет көрсетеді. Павлодардан Алматыға дейінгі рейстерді екі есе, яғни күніне екі рейске дейін арттыру мәселесі қарастырылуда.

Қизат Жақыповтың айтуынша, Павлодар-Қарағанды-Павлодар және Павлодар-Ақтөбе-Павлодар әуе рейстерін ашу мүмкіндігі ойластырылуда.

2019 жылы Павлодар әуежайы арқылы өтетін жолаушылардың саны 236,9 мың адамға жетті. 2018 жылы ол көрсеткіш 180,2 мың адамға тең болды.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: FlyArystan, жолаушылар, Қизат Жақыпов, тасымал, көлік