Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен алқа мәжілісінде өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықов хабарлады.

- 2020 жылдың 1 қаңтарына қарай облыстағы барлық 2480 көпқабатты тұрғын үйдің 24,5%-ы немесе 608 бірлігі күрделі жөндеуді қажет етеді, - дейді Мұрат Әбілқалықов. – 2019 жылы қайтарымды қаражат пен пәтер иеленушілердің мақсатты қаражаттары есебінен Павлодарда 7 үй, Екібастұзда 1 үй жөнделді. Павлодарда тағы 6 үйдің жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында тұрғын үй қорын модернизациялауға қосымша 30 миллиард теңге бөлу туралы айтқан болатын.

Осы орайда өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жалпы құны 290,5 миллион теңге 8 кондоминиум нысанын жөндеу бойынша бюджеттік өтініш жолданды.

Айта кетейік, былтыр облыс орталығында жаңартылған үйлер тізіміне Теплов, 38/2, Вс. Иванов, 92, Гагарин, 89, Естай, 38, Дүйсенов, 1 және Заслонов, 69/1 мекенжайларындағы көпқабатты ғимараттар енген болатын.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: модернизация, тұрғын үй, жөндеу, Қизат Жақыпов, баспана