«Nur Otan» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке қабылдауын өткізген шаһар басшысы Ержан Иманзаипов демеушілер есебінен 255 мың теңгелік сертификат ұсынып, жас ақынның білім алуына көмек қолын созды.

Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының 3-курсында оқитын Ерболат Әміренов технологиялық машиналар мен жабдықтардың өндіріс маманы бойынша білім алады. Ол бұған дейін облыс орталығындағы ПМПУ-да оқып, оқу ақысының қымбаттығына байланысты Екібастұзға оқуға ауысқан.

- Былтыр да Жұмағали Қоғабай, Жассерік Садуақасов, Жанаргүл Қадырова сынды аға-апаларым оқу ақыма көмектескен еді, - деді Ерболат Әміренов. – Биыл қаламыздың әкімі толықтай жауып беріп отыр. Бауырларын қолдап жүретін аға-апаларыма ризамын. Қаламыздың әкімі Ержан Иманзаипов пен орынбасары Наталия Нефедоваға отбасымның атынан, жеке өзімнің атымнан алғыс білдіремін!

Айта кетейік, Ерболат Әміренов – отты өлеңдері бар жас ақын әрі Павлодар облысындағы проза жанрында қалам тербеп жүрген санаулы жастардың бірі. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. «Менің жетістігім - елімнің жетістігі» байқауында «Көркем шығармашылық» номинациясы бойынша жүлдегер атанған. «Туған жерім - алтын бесігім» атты облыстық жыр мүшәйрасында 1-орын, С.Торайғыровтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйрада 3-орын еншілеген. Облыстың қоғамдық, мәдени өміріне белсене қатысқаны және мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Екібастұз қаласы және Павлодар облысы әкімінің Алғыс хаттарына ие болған. «Ел үміті» төсбелгісінің және М.Шорманов атындағы медаль иегері.

Дулат Райымбек
Фото: @Ekibastuz Time

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Екібастұз, ақын, грант