Ерекше конкурс барысында өңіріміздің жоғары оқу орындары, колледждерінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Өнер сайысына жалпы саны бес адамнан тұратын 25 команда қатысты.

ИнЕУ тәрбие жұмысы мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Шынболат Тәшеков айтқандай, конкурсқа Павлодар қаласынан бөлек Ертіс пен Аққулы ауданының оқушылары қатысты. Іс-шара Еріктілер жылына арналды.

- Әрбір командаға төрт аққала жасап шығу міндеттелді, - дейді Шынболат Тәшеков. – Қардан жасалған бейнелердің креативтілігі мен жалпы тәрбиелік мәні ерекше бағаланды. Конкурс кеше басталып, әрбір командаға аққала жасауға 24 сағат уақыт берілді. Осы уақытта балалардың тоңып қалмауы үшін университет тарапынан ыстық шай мен бауырсақ берілді.

Жастар жасаған 100 аққалалар арасында ертегі, мультфильм кейіпкерлері, балалардың қиялынан туған бейнелерді кездестіруге болады. Университет алдындағы алаңда орын тепкен аққалалар барлығы бірге жоғарыдан қарағанда Volunteer сөзін құрастырды.

Ертіс ауданы Ұзынсу ауылдық мектебінің оқушылары болса, волонтер-аққала жасап шықты. Ұзынсулық оқушы Гүлмира Иманмағзамованың айтуынша, төрт аққала ауылдағы «Дари добро» клубының төрт түрлі бағытын бейнелейді.

- Біз аққалаларды Еріктілер жылына арнап жасадық, - дейді Гүлмира Иманмағзамова. – Оның әрбіреуі ауылымызда жұмыс істейтін клубтың қоршаған ортаны қорғау, спорт, қамқорлық секілді бағыттарын бейнеледі. Конкурсқа қатысу өте ұнады.

Өнер сайысының қорытындылары бойынша 1-орынды №34 мектеп ұтып алды. 2-орынды Ертіс ауданының Ұзынсу мектебінің оқушылары иеленсе, 3-орынды Ямышев ауылы мектебі місе тұтты.

Жеңімпаздарға Sportmaster дүкенінде тауар сатып алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыс етілді: 1-орынға 50 мың теңге, 2-орынға 25 мың теңге, 3-орынға 15 мың теңге.

Оған қоса, барлық 125 қатысушыға қаладағы мұз айдындарында бір сағат тегін коньки тебу билеттері үлестірілді.

Айбек Жұматов

Фото: автор және Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: ИнЕУ, аққала, конкурс, сайыс, білім беру, қыс, Ертіс ауданы