Спикер жаңа заңның 21 баптан тұратынына тоқталды. Бірінші кезекте «Педагог мәртебесі туралы» Заңына «педагог» бірыңғай ұғымы енгізілді. Педагог – тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, әдістемелік сүйемелдеу немесе білім беру қызметін ұйымдастыру бойынша педагогтың кәсіби қызметін жүзеге асыратын тұлға болып табылады. Сондықтан заң мектептердің, мектепке дейінгі ұйымдардың, колледж қызметкерлеріне қатысты.

- Жаңа заң педагогтың кәсіби құқықтарын кеңейтеді, - деді Жомарт Қарамбаев. – Заңда педагогтың материалдық қамтамасыз етілу құқығы анық көрсетіледі. Қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға артқанын білесіздер. Сондай-ақ магистр дәрежесі бар орта білім беру ұйымдарының педагогтарына негізгі жұмыс орындарында 10 АЕК көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді. Бір оқу жылы кезеңінде білім беру ұйымына бірінші рет қызметке кірісетін педагогтарға тәлімгерлер бекітіледі. Аталған педагогқа тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Бұл бүгінгі күні 17697 теңгені құрайды.

Оған қоса, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасының жаңа түрі белгіленуде. Ол 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлемді көздейді. «Үздік педагог» атағын иеленушіге Үкімет белгілеген мөлшерде және тәртіппен жыл сайынғы сыйақылар сақталады. Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтарға тиісті білім беру ұйымдарының қызметін үнемдеу есебінен 3 лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді.

Сонымен қатар, педагогтардың барлығына 56 күндік еңбек демалысы бекітілді.

- Бұрын мектепке дейінгі ұйымдар мен колледж қызметкерлеріне еңбек демалысы басқаша берілетін, - деді Жомарт Қарамбаев. – Енді барлығы теңестірілді. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап заңда орта білім беру ұйымына оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету көзделген.

Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, педагогтарды тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге және негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Заңды бұзғаны үшін осы бөлікте ескерту көзделген. Қайталап жасалған әрекет кезінде айыппұл қолданылады (құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 60-тан 120 АЕК-ке дейін).

- Өз лауазымдық міндеттерін орындау кезінде педагогты сыйламау, балағат сөздер айту, әдепсіз мінез-құлық көрсету және қорлап тиісу, әдепсіз іс-әрекеттер мен белгілерді, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе желі мен телекоммуникацияларды пайдалану арқылы көрсеткен жеке тұлғаларға 20-40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған, - деді Жомарт Қарамбаев.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Пеадгог мәртебесі туралы" Заң, педагог мәртебесі, білім