- Құрметті Болат Жұмабекұлы, Сізге біздің облыс тұрақтылығының кепілі ретінде белгілі Екібастұз қаласының үш теміржол кластері кәсіпорындарының 1100-ден астам адам жұмыс істейтін ұжымдары - «Проммашкомплект» ЖШС, «RWS Binding» ЖШС, «RWS Concrete» ЖШС өтінішпен жүгініп отыр. Оған Павлодар облысының үш кәсіпорнының толық тоқтап қалуы және жұмыс орындарының қысқару қаупі себеп болып отыр. Бұл зауыттардың барлығы ҚР Инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында және еліміздің Тұңғыш Президенті Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Бұл зауыттардағы жалпы инвестиция көлемі 70 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. Өндірістік қуаттылығы Қазақстан Республикасы мемлекеттік кәсіпорындарының қажеттілігіне қарай есептелген. Кәсіпорын жоспарлы жұмыс барысында төрт миллиард теңгеден астам салық аударымдарын бір жыл ішінде бюджетке аударды. Темір жол кластерін дамыту шеңберінде жобаларды іске асыру жоғары технологиялық импорт алмастырушы өндірісті құруға және цифрландыруға бағытталған. 2019 жылдың екінші тоқсанынан бастап бекіткіштер мен темір жол діңгектерін шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС, «Binding» және «Concrete» компаниялары «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның расталған өтінімінің болмауына байланысты мәжбүрлі түрде тұрып қалған. Біз бүгінгі күнге дейін ұжымның әлеуметтік шиеленісуіне жол бермедік. Алайда, 2020 жылға өтінімдердің болмауына байланысты еңбек ұжымын қысқартудың бастапқы кезеңінде қадамдар жасаймыз. Кәсіпорын шығаратын өнімнің негізгі тұтынушысы ҚТЖ мен оның еншілес компаниялары болып табылады. Қол қойылған ұзақ мерзімді келісімшарттарға, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ тауарлар тізбесінде біз өндіретін өнімдердің болуына қарамастан,  «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2018 жылдың соңына дейін мақсатты және қасақана тапсырыстарды орналастырмайды. Ұқсас өнімдерді Қытай, Түркия, Украина, Ресей және басқа елдерден сатып алады. Бұл - тұтас дөңгелектер, рельсті бекіткіштер, бағыттамалы өнімдер, - делінген хатта.

Хаттың мазмұнында 2020 жыл республикада отандық өндірушілерді қолдау жылы деп жарияланғанына қарамастан, 2020 және 2021 жылдардағы жоспарлар туралы түсінік жоқ екені жазылған.

- Сонымен қатар, ұлттық темір жол компаниясы жеке делдалдық компаниялар арқылы шетелдік өндірушілердің өнімдерін жеткізуді тарту бойынша күшейтілген жұмыс жүргізеді. Алдын ала орындалмайтын жағдайларда тендерлер өткізеді. Оларды бір күндік компаниялар ұтады. Құрметті Болат Жұмабекұлы, осылайша біздің компанияны банкротқа ұшырату сатысына дейін жеткізу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп жатыр деген пікір қалыптасады. Бұл саясаттың мақсаттары мен міндеттері туралы тек қана болжауға болады. Сізден мәселені шешуге қатысуыңызды сұраймыз, - деп Бауыржан Каменов толығымен оқып шықты.

Аймақ басшысы өзінің орынбасарына демалысқа дейін мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырды.

- Арыстан Кенжетайұлы, бұл хатты кеше алдым, - деді Болат Бақауов. – Арнайы жұмыс тобын құрып, «Атамекен» ӨКП сарапшыларын тартыңыз. Осы кәсіпорындарға шығып, анықтауды тапсырамын. Хаттың мазмұнына қарасақ, бұл - нағыз жан айқайы. Осы сұрақтармен айналысыңыздар.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, Болат Бақауов, инвестиция