Сырым Рушановтың айтуынша, өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ашылған «Barys» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде секциялар мен үйірмелердің негізгі бөлігі жұмыс істейді.

- Күн сайын «Barys» кешенінде 70 адам түрлі секцияларға барады, - дейді ауыл әкімі. - Оның ішінде 30-ы бала. Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Павлодар қаласының ауыл командаларының қатысуымен ерлер арасында шағын футбол, әйелдер арасында волейбол, қазақ күресі және тоғыз құмалақ бойынша спорттық жарыстар өткізілді. Ал биылғы жылы Шаукен көшесі ауданында шағын футбол алаңын салуды жоспарлап отырмыз.

2019 жылы жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмысын қолдауға 2064,0 мың теңге бөлініп, жыл бойы 70 мәдени-демалыс іс-шаралары өткізілген.

- Аталмыш іс-шараларға төрт мыңнан астам адам қатысты, - дейді Сырым Рушанов. – Кітапхана базасында Павлодар ауылының тұрғындары үшін домбыра үйірмесі ашылды. Аптасына 2 рет жұмыс істейді. Демеушілік қаражат есебінен «Резон» ЖШС домбыра сатып алды. Сондай-ақ үйірме жетекшісі жұмысқа қабылданды.

Ауыл тұрғындары домбыра үйірмесіне ауылдың балаларымен қоса, ересектердің де қатысып жүргенін тілге тиек етті.

- Бүгінде үйірмеге 15 адам қатысады, ал домбыра жеткіліксіз, - дейді тұрғындар. - Өткен жылы қала әкімі 4 домбыра сыйлаған болатын. Бүгін де өтінішімізді жерге қалдырмай ауылдық үйірмеге домбыра сыйласаңыз алғысымыз шексіз болар еді.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов осы жылы ауылдың шығармашыл тұрғындарына міндетті түрде домбыра сыйлайға уәде берді.

Айгүл Жүсіпова

pavlodarnews.kz

Тэги: