Білім ордасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталмыш білім додасында Аружан Қазақстан тарихы пәні бойынша 10-сыныптың атынан қатысып, өзінен 3 жас жоғары үлкен қарсыластарының арасынан топ жарып шыққан.

Осылайша үздік нәтиже көрсеткен ол республикалық кезеңге жолдама алды. Жетекшісі тарих пәнінің мұғалім-эксперті Лаура Байханованың айтуынша, шәкірті қажырлы және жүйелі дайындықтың арқасында осындай жетістікке жеткен.

- Жетекші ауылында тұрғанда осы Зияткерлік мектепке түсуді мақсат еткен болатынмын. Мектепке қабылданған сәттен Қазақстан тарихы пәніне деген ерекше қызығушылығым болғандықтан, олимпиадаға қатысып, осы пән бойынша жүйелі әрі терең білім алуды бастадым. Осы орайда жетекшім Лаура Алтынбекқызымен бірге жеке даму маршрутын әзірлеп, қызу дайындық жұмысына кірістік. Менің ойымша, адам алдына мақсат қойып, соған жетуде барынша еңбектенсе, алынбайтын қамал жоқ, - дейді Аружан.

Сондай-ақ, жас өрен Зияткерлік мектепке қабылданған оқушылардың арасында іріктеу емтихан нәтижесі бойынша 1176 ұпай жинаған.

Еске сала кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептері филиалдарының оқушылары арасында өткен желілік олимпиадада Павлодар қаласындағы Зияткерлік мектеп қоржынына 26 медаль келіп түскен болатын. Оның 7-уі алтын, 15-і күміс және 4-уі қола медаль. Ал жүлде саны бойынша командалық есепте ең үздік нәтиже көрсеткен мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша «2020 жылғы үздік команда» атағына ие болды.

 

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім