- Әсіресе консультациялық-диагностикалық қызметтер, МРТ, КТ, тар көлемді мамандардың кеңестері өсті, - деп нақтылады Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева. - Павлодар облысы бойынша консультативтік-диагностикалық қызметтерге қаржыландыру 10 есеге, оңалту қызметтеріне - 15 есеге өсті.

Бұл медициналық қызметтерді халыққа қолжетімді етеді және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет алмайтын адамдардың шығындарын азайтады.

Сонымен қатар, вице-министрдің ақпараты бойынша, медициналық көмекті толық алмау қаупі бар аймақта сақтандырылмаған мәртебесі бар 83 мыңға жуық Павлодар тұрғыны есепке алынған. Оның ішінде өз мәртебесін өзектендірмеген 14 мыңы -өз бетінше жұмыспен қамтылғандар.

Сонымен қатар, МӘМС жүйесінен жалдамалы қызметкерлер шығып қалуы мүмкін, олар үшін жұмыс беруші аударымдарды тұрақты түрде есептемейді. Павлодар облысында мұндай санаттағылардың саны 29 мыңға жуық.

- Мұнда жұмыс берушінің тәртібі маңызды, - деп атап өтті Ләззат Ақтаева. - Егер жалдамалы қызметкерлер сақтандырылмаған болса, олар үшін мұндай медициналық көмек қолжетімсіз болуы мүмкін.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Қасымовтың айтуынша, заңнамаға сәйкес соңғы төлемнен кейін төрт ай ішінде қызметкер сақтандырылған болып саналады.

- Егер жұмыс беруші осы уақыт ішінде төлемесе, ол қарызды кешірек өтей алады, сақтандырылу мәртебесі қызметкер үшін сақталады, - деп нақтылады Нұрлан Қасымов. - Бұдан басқа, жалдамалы қызметкер МӘМС үшін 2125 теңге төлем ақысын екінші деңгейлі банктер, Қазпошта немесе емдеу мекемесінде орнатылған терминал арқылы өз бетінше төлей алады. Егер жұмыс беруші өз қызметкері үшін жарна енгізсе, бұл сома жалдамалы қызметкерге қайтарылады.

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, МӘМС, медицина