С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақтың ұлы ойшылы, философ, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту мақсатында бірқатар тың бастамаларды қолға алуда.

Соның бірі – «Абай әр үйдің төрінде» акциясы аясында қоғамдық орындарда қала тұрғындары мен қонақтары арасында кемеңгер туралы сауалнамалар жүргізіледі. Сондай-ақ шара барысында Абай шығармалары, соның ішінде өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған, композитордың әндерін нақышына келтіре шырқаған тұрғындарға Абайдың кітаптары сыйға беріледі.

Акцияның алғашқы шарасы Павлодар қаласындағы «Batyr mall» сауда және ойын-сауық орталығында өтті.

Ең алғашқы болып сауалнамаға жауап беруші – ПМПУ-дің 2-курс студенті Ділнәз Кәрімова «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін жатқа оқып берді.

- Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім алатындықтан Абайдың бірнеше өлеңін білемін, - деді Ділнәз Кәрімова. – Қазақтың өзге ақындарының өлеңдерін жатқа білемін. Абайды әр қазақ білуі тиіс деп санаймын.

Кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова сауда орталығында 15-тен астам кітап сыйға тартылғанын айтты.

- Batyr mall орталығына 20 кітап әкелген болатынбыз, - деді Баршагүл Байжанова. – 1 сағаттың көлемінде 15-тен астам адам Абайдың шығармаларынан үзінді айтып берді. Көбісі өлеңдерін оқуда. Бір-екі адам әнін орындады. Жалпы, жауап бергендердің басым бөлігі жастар. Жастардың ақынның шығармашылығын білгені қуантады. Акцияда кітапты сыйға тартамыз. Ұлы ойшылдың кітабы әр үйдің төрінде тұру қажет.

Айта кетейік, «Абай әр үйдің төрінде» акциясы жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Бұл шара қоғамдық және адамдар көп жиналатын орындарда өткізіледі.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Абай, Абай 175 жыл, кітапхана, мәдениет