Алдымен Кенжекөл ауылдық округінің әкімі Серік Шуақбаев 2019 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап,  биылғы жылдың жоспарларымен таныстырып өтті. Сондай-ақ баяндаманы Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов толықтырды. 

Бұдан кейін сұрақтар қою кезеңінде тұрғындардың бірі Қатима Бесенова жылу мәселесін шешіп беруді сұрады.

- 5 қабатты тұрғын үйде жылыту мезгілі басталғанда жыл сайын туындайтын мәселе бар, - дейді Қатима Бесенова. - Мен осы үйге 2011 жылы Железин ауданынан көшіп келгенмін. Сол кезден бері күз мезгілі басталысымен бізде жылуға байланысты қиындықтар туындайды. Кейде жарты ай жылу береді, жарты ай бермейді. Оған қоса, күндіз жақса, түнде жақпайды немесе керісінше. Ақшасын әрдайым төлесек те осындай мәселе туындап отыр. Тіпті кейбіреуіміз бір ай ерте төлеп жүрміз. Осы жағдайды шешуге көмектесуіңізді сұраймын.

Қайрат Нүкенов бұл мәселені білетінін және аталмыш тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін кәсіпкермен сөйлескенін атап өтті.

- Кәсіпкер кейбір тұрғындар уақытылы төлем жасамайтынын айтып отыр, - дейді қала әкімі. - Жылуды қолданғандықтан, ақшасын уақытылы төлеу керек. Кәсіпкер бізге түбіртектерді көрсетіп, 2-3 жыл төлемей жүрген тұрғындардың тізімін ұсынды. Ол көмір сатып алады, жылыту жұмыстарымен айналысады. Яғни шығын бар, ал кіріс жоқ. Ол қазірдің өзінде осы жұмысты тапсыруға дайын. Бірақ алатын адам жоқ. Сондықтан да сіздерге барлық тұрғындарды жинап, жиналыс өткізу керек. Қарыз болмаса және төлемдер уақытылы жүргізіліп отырса, сіздерде үй жылы болады.

Сондай-ақ есеп беру кездесуінде халықтың басым көпшілігі электр энергиясы тіректерін ауыстыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.

Серік Шуақбаевтың сөзінше, 2019 жылы ұзындығы 600 метрге жуық Дорожная көшесі және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Байдала ауылының кіре беріс жолы 5 миллион теңгеге жарықтандырылған. Оған қоса, электр энергиясы тіректерін ауыстыруға байланысты 2 393 мың теңгеге көше жарықтандыру шамдары ауыстырылған.

- Көктемгі кезеңде әуежай ауданында электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды, - деді ауыл әкімі. - Сондай-ақ Павлодар қаласының құрылыс бөлімімен Кенжекөл ауылының 3-4 кіру ауданында жалпы ұзындығы 8,205 км болатын ВЛ-10 және ВЛ-0,4 киловатт электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған ауданда үйлердің ішкі электрмен жабдықталуынан басқа, көше жарығы да бар.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Кенжекөл, Павлодар облысы, тұрғын, үй, Қайрат Нүкенов