Профильдік ведомстволардың басшылары қатысқан жиында жеке көмекшілер олармен тікелей шарт жасалуын және көрсетілетін қызметтердің ақы мөлшерін арттыруды талап етті. Сондай-ақ кейбіреуі көмекшінің жұмыс кестесін өзгертуді сұрады.

- Менің балама барынша көмек қажет, - дейді жеке көмекші Елена Берет. – Үкіметтен төленетін қаржы жетпейді. Балаға қарау керек болғандықтан жұмысқа да шыға алмаймын. Мен салық төлеуім әрі отбасымды асырауым керек. Біз жай сөйлесу үшін емес, нақты мәселені шешу үшін келдік. Осы мәселенің түйінін табуға көмектесесіздер деп ойлаймын.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, өңірде 1500-ден астам І топ мүгедектері жеке көмекшінің қызметтерін пайдаланады. Олардың еңбек ақысы жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен осы мақсатта 300 миллионға жуық қаражат қарастырылды.

- Бұл мәселе қазіргі таңда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауында, - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева. – Біз көмекшілердің талаптарын қанағаттандыруға әзірміз. Қазіргі таңда біз қызметтерді жеткізушімен шартты бұзып, типтік еңбек шартын құрастыруды жоспарлап отырмыз. Министрлік бекіткен жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсыну ережелерін келесі аптада аламыз.

Светлана Гладышева тиісті қаражаттың бар екендігін және оның көлемі көмекшілердің біліктілігіне сәйкес төленетінін айтты. Төлемдер орындалған жұмыстардың актілері және маршрут парақтарына сәйкес жүргізіледі. Алдын ала есептеулер бойынша көмекшінің бір сағатқа төленетін ақысы 358 теңгені құрайды.

Ол қызмет күні сегіз сағаттан аспауы керек екенін айтады. Яғни, еңбекақы да осы уақыт бойынша есептеледі.

Айта кетерлігі, жеке тұлғалармен тікелей шарттар жасау тәжірибесі Қарағанды және Өскемен қалаларында бар.

Фото: Диана Ерғалым

pavlodarnews.kz

Тэги: