- Шараның мақсаты – жастарды құрақ көрпе  тігуге, оюларды оюға үйрету, бос уақытты тиімді пайдалану, - дейді Қаражар ауылдық клубының меңгерушісі Есен Жүсіпбаев. – Ауылдың қыз-келіншектері жұмыстан тыс кешкі уақытта жиналып, құрақ көрпе құраудан тігіншілер шеберлік сағатын өткізді. Ұлттық өнерімізді насихаттап, өзара құрақ тігудің түрлі тәсілдерімен бөлісетін керемет отырыс болды.  Ең жасы 30-да. Ауылда ісмер апайлар көп.

Үлкен апалар өз тәжірибелерімен бөліссе, жастар жағы құрақтың заманға сай жаңашыл үлгілерімен  таныстырған. Қазақ оюының тарихы мен құрақтың ежелден сақталған терең сыры  тақырыбында  түрлі қызықты мәліметтер келтірілді.

Құрақ көрпеге маталарды әр қатысушы үйден  алып келсе, ішіне салатын мақта – паралон және басқа да керек заттар алдын ала жинастырылған. 

- Жұмыстан кейінгі бос уақытта ауылдық клубқа жиналып, тігін тігу,  тоқыма тоқумен айналыстын ауылымыздың қыз-келіншектерінің бұл ісі көпке үлгі болады және алдағы уақытта жалғасын табады деп сенеміз. Бүгінгі күні 25 көрпе дайындап қойдық. Алдағы уақытта 40-қа дейін жеткізу ойда  бар, - дейді  Есен Жүсіпбаев.

Тігілген көрпелер болашақта той мен түрлі жиындарда, ас бергенде үй-үйден жинамау үшін ауыл игілігіне  пайдаланылуға бірілмек.  

- Бұған дейін  ауыл тұрғындары той мен түрлі шараларға, ас бергенде  үй-үйден жинамау үшін қаражат жинастырып, ыдыс-аяқ сатып алған болатын. Енді міне, жер үстелдерге құрақ көрпелер әзірлеу қамына кірістік. Бұл ауылдың  ауызбіршілігі мен татулығының белгісі деп айтуға болады, - дейді ауыл тұрғыны Ризагүл Омашева.

Фото Зура Жүсіпбаеваның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам