Алқа отырысына облыстағы ақын-жазушылар, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, одақтың Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы қатысты.

Алқа отырысында Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы тағайындалып, Ақберен Елгезек одақтың бүгінгі жұмысына тоқталып өтті.

Айта кетейік, одақтың Павлодар облысындағы филиалы 2012 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Осы уақыт аралығында филиал төрағасы ақын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани болған.

- Өздеріңізге белгілі, одаққа жаңа басшылық тағайындалғалы 2 жылға жуық уақыт болды, - деді Ақберен Елгезек. – Сол уақыт аралығында көптеген шаралар атқарылды. Соның ішінде 4 ірі халықаралық шара өткіздік. Поэзиялық халықаралық фестиваль, Еуразиялық әдеби форум, Еуразия астаналары қаламгерлері форумы, Тұңғыш рет Азия қаламгерлерінің форумы өтті. Оған 45 ел қатысты. Қазір қазақ әдебиетін сол 45 елдің тіліне аударту бойынша жұмыстар жасалуда. Осы жұмыстар арқылы әлем назарын аудартып, қазақ әдебиеті бар екенін көрсеттік. Енді ішкі жұмыстарды қолға алып, филиалдарды жандандырмақпыз. Осыған байланысты үлкен ағаларымыз өздері бізге өтініш жазып, жастар жұмыс жасасын деп жатыр. Павлодарда Арман ағамыз филиал төрағалығын жастарға табыстамақ. Арман ағамыз одаққа еңбегін сіңірген азамат. Зор алғыс білдіреміз!

Ақберен Елгезек ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан Жазушылар одағы атынан Арман Қаниға шапан жапты. Сондай-ақ мәдениет басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов Арман Қани және Қазақстан жазушылар одағы мен одақтың елордалық филиалына сыйлығын табыстады.

- Біздің облыстық филиал республикада ең соңғы ашылған филиалдардың бірі болып табылады, - деді Арман Қани. – Филиалымыз жазушылардың мұрат-мүдделерін қорғады. Кітап мәселесін көтеріп, кітаптар жарыққа шықты. Жыл сайын қаламгерлер облыс басшылығынан ақшалай грант алып отырды. Мұндай еш облыста болмаған. Мәдени шараларға да жазушылар одағы бірінші кезекте қатысып отырды. Шығармашылық кештер ұйымдастырылды. Жазушылар одағының емес, жас ақындардың да кеші өткізілді. Жалпы, табысты жұмыстар көп. Қиыншылықтар да кездеседі. Филиалдың жұмысы жандана түсетініне сенім білдіремін.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы өңірдегі жазушылар одағына жеке ғимарат керектігін атап өтті. Оның айтуынша, шығармашылықтың нәтижелі болуы үшін қаламгерлердің бас қосып отыруы маңызды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов бұл мәселенің қарастырылатынын айтты.

Облыстық филиалға төраға болып тағайындалған Жарқынбек Амантай - одақтың жас мүшелерінің бірі.

- Бүгін аса маңызды құжаттар қолыма табысталды, - деді Жарқынбек Амантай. – Бұл – аманаттарыңыз деп білемін. Сенім артып отырған ағаларыма алғыс білдіремін. Өңірде 50-ге жуық жас ақын-жазушы бар. Алдыңғы буын ағаларымыздың да мүддесі үшін, сөз өнерінің болашағы үшін жұмыс жасауға сөз беремін.

Еске салайық, Павлодар облысында Қазақстан Жазушылар одағының 13 мүшесі бар.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Жазушылар одағы, филиал, Жарқынбек Амантай, мәдениет