Жалпы қайырымдылық балында жиналға қаражат 51,5 миллион теңгені құрайды.

- Қоғамның бастамасымен және «Қазақ зағиптер қоғамы» қоғамдық қорының өтініші бойынша қамқоршылық кеңесі құрылды, - дейді Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко. – Оған қоғам өкілдері, депутаттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлер кірді. Барлығы алқалы түрде шешілді. Орталық үшін қандай құрал-жабдықтар керек екенін көру мүмкіндігі шектеулі адамдар анықтады. Бүгінгі күні 30 миллион теңге игерілді. Қалған қаражатты қосымша құрал-жабдықтарға жоспарлайтын боламыз.

«Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық қоры Павлодар филиалының төрағасы Амангелді Бердиевтің айтуынша, жалпы ауданы 256 шаршы метрді құрайтын ғимарат бұрын Марғұлан көшесінде орналасқан орталықтан 2,5 есе үлкен.

- Павлодар қаласының орталығында Сәтбаев көшесінде орналасқан жаңа кеңсе, көлік тұрағының үлкен алаңы болғанымен ыңғайлы, - дейді Амангелді Бердиев. – Сондай-ақ егер бұрын бір бөлмеде ғана отырған болса, енді оқуға және демалуға арналған бөлмелер бар. Бізге жаңа жиһаз, құрал-жабдықтармен жабдықталған оқу кабинеттері, принтер, мәтін оқитын машина, ноутбуктер берілді. Және де кең есік ойықтары мен тұтқалары қуантады. Сонымен қатар, бізге жаңа тігін машиналары мен торлағыш машиналар сатып алынды.

- Бұл біз үшін қуанышты және мұңды іс-шара, - дейді «Қазақ зағиптер қоғамы» өңірлік филиалының төрағасы Дүйсенбай Ғабдулов. - Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен өткен жылдан бастап қайырымдылық аукциондары өтіп, осындай ғимараттар мен жабдықтар сатып алынуда. Біз облыс басшылығына, облыстық мәслихат депутаттарына, мемлекеттік органдарға ризамыз. Біздің есігіміз барлық адамдар үшін ашық.

Сонымен қатар, зағиптар қоғамына 16 орындық шағын автобус табыс етілді.

Айта кетерлігі, Ақсу мен Екібастұз қалаларында да көру мүмкіндігі шектеулі жандар жаңа ғимараттарға ие болды.

Еске сала кетейік, қайырымдылық акциясы 2019 жылы 25 желтоқсанда өтті. Жұртшылықтың шешімі бойынша жиналған қаражат «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық қорын қолдауға бағытталды. Өткен жылы қайырымдылық балына 20,5 млн теңге жиналды. Ол қаражатқа «Альрами» клуб үйі иелігіне 230 шаршы метрлік ғимаратты сатып алынды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор, Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қайырымдылық балы, зағиптар орталығы