Қабылдауға келгендердің дені баспана мәселесін көтерді. Айталық, 28 жасар жалғызбасты ана Меруерт Хасенова облыс әкімінің орынбасарына тұрғын үй кезегі жөнінде сұрақ жолдады. Жетім өскен ол кезекте 2007 жылдан бері тұр.

- Былтырғы мәліметтер бойынша кезекте 22-орында тұрмын. Кезекте тұрғаныма 13 жыл болды. Бала тәрбиелегенім үшін 57 мың теңге аламын. Ол пәтер жалдап, баламның тамағын алуға жетпейді, - дейді Меруерт Хасенова.

Қабылдау кезінде Асхат Оралов жалғызбасты анаға қуанышты хабар жеткізді.

- Биыл Павлодар қаласында 100-ден астам арендалық пәтер пайдалануға берілмек. Соның 20 пайызы дәл сіздің санаттағы мұқтаж жандарға үлестіріледі. Бәрі ойдағыдай болса, 2020 жылдың соңына дейін баспаналы боласыз, - деді Асхат Оралов.

Одан басқа Меруерт Хасенова интернаттан түлеп шыққаннан бері баспанасыз болуына байланысты ешбір жерде тіркелмегеніне байланысты қынжылыс білдірді. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені алдағы күндер ішінде шешіп беруге уәдесін берді.

Айта кетейік, осы күні партия облыстық филиалында Асхат Оралов бес адамды қабылдады.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Nur Otan, партия, Асхат Оралов, баспана, қабылдау